Түркістан облысының тауларында жоғалып кеткен екі туристің денесі табылды. Бұл туралы төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады.
Министрліктің ресми өкілі Талғат Уәлидің мәлімдеуінше, 29 мамыр күні сағат 00:30-да іздестіру жұмыстарының барысында Өгем өзенінен 1999 жылы туған бір адамның денесі табылған. Ал екінші жігіттің денесі бүгін Өгем өзенінен 3 шақырым жерден табылған.
– Туристердің денесі Қазавиақұтқару" АҚ МИ-171 тікұшағымен Шымкент қаласына жөнелтілді. Қалған екі адамды іздестіру жұмыстары жалғасуда.
Жердегі іздестіруді құтқарушылар, полиция қызметкерлері, шекара қызметінің ат патрулі, ұлттық парк қызметкерлері және жоғалғандардың туыстары жүргізуде. Сондай-ақ әуеден іздеу үшін ҚР ТЖМ "Қазавиақұтқару" АҚ-ның екі борты жұмыс істеуде.
Аталған факті бойынша Түркістан облысының полиция департаменті сотқа дейінгі тергеуді бастады, – деп хабарлады Талғат Уәли.
25 мамырда Төле би ауданының Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында 7 адамның жоғалғаны хабарланған. Кеше үш адам дін-аман табылған. Қалған 2 адам іздестіріп жатыр.
Пікір қалдыру