Философия ғылымының докторы, профессор, педагог, саяси ғылымдар және заң ғылымдары академияларының академигі Сағади Байұзақұлы Бөлекбаев дүниеден озды. Қаралы хабарды туралы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Философия және саясаттану факультеті Философия кафедрасы жеткізді.
Сағади Бөлекбаев ойшыл-философ Ағын Қасымжановтың ізбасары болған. Ол жарты ғасырға жуық ғұмырын ғылым мен ұстаздыққа арнаған.
Сағади Бөлекбаев әр жылдары ҚР БҒМ-нің ұлттық сарапшысы, Қазақстан халқы ассамблеясының кеңесшісі, ҚР Мәдениет министрлігі Дін істері жөніндегі комитеті сарапшылар кеңесінің мүшесі, Алматы қаласындағы ақпараттық-талдау орталығының мүшесі, "Әділет" партиясы төрағасының орынбасары, ҚР ҒК Философия, саясаттану және дінтану институтының ғылыми жобаларының сарапшысы, бірнеше диссертациялық кеңестердің мүшесі, "Орталық Азия университеті Хабаршысы", "Мәдениеттер диалогы" ақпараттық-талдау журналдарының бас редакторы, "Д.А. Қонаев атындағы Заң университеті Хабаршысының", Ресейлік "СОТИС" федералдық ғылыми-практикалық журналының редакциялық алқасының мүшесі сынды ғылыми және қоғамдық-саяси қызметтерді атқарған.
Сағади Байұзақұлының философия тарихы, әлеуметтік философия, халықаралық қатынастар, түрік халықтарының тарихы мен мәдениеті, логика, экономика және мемлекет мәселелері, сана философиясына қатысты зерттеулері оқырманға етене таныс және үлкен сұранысқа ие.
Ғалым көптеген кітаптар мен бірнеше оқулықтардың, 250-ден астам ғылыми мақаланың авторы болған. Оның 50-ден астам ғылыми еңбегі Чехия, Польша, Нидерланды, Германия, Пәкістан, Ресей, Украина, Өзбекстан, Түркменстан, Қырғызстан, Әзербайжан және т.б. елдерде жарияланған.
Пікір қалдыру