Ж.Мамай соттағы әрекетін Еуропада істесе, әлдеқашан ауыр жазаланатын еді – Б.Байбек өкілі

/image/2021/06/04/crop-3_7_328x584_crop-4_4_444x592_2021_05_15_crop-0_39_2060x2747_0b20cbf3-8d56-40d5-9b56-da1b78d7

NurOtan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің азаматтық белсенділер, ерлі-зайыпты Жанболат Мамай мен Инга Иманбайға қарсы берген талап-арызы бойынша кезекті сот отырысы өтіп жатыр. Сотта Бауыржан Байбектің мүддесін қорғап жатқан заңгер Айжан Тәшенова ерлі-зайыптылардың сөзі мен ісі өмірде қабыспайтынын мәлім етті.

Заңгер Ж.Мамайдың әр сөзінде еуропалық және халықаралық стандарттарды мысалға келтіретіні, сөз бостандығы, заң үстемдігі туралы жиі айтатыны жай ғана бетперде екенін айтады.

– Өзінің күнделікті өмірінде бұлар өздері айтып жүрген стандарттарын орындай бермейді. Мәселен, сотта айқайлайды, соттың жабық өтіп жатқанын айтып шу шығарады, соттағы негізгі тақырыпты бұрып, басқа мәселе қозғайды, дәлел беретін мерзімді кешіктіреді. Яғни, заң үстемдігі бұлар үшін бос сөз. Мен өзім Еуропада сотта тәжірибеден өттім. Ол жақта біреудің сыртынан негізсіз жала жабуға ешкімге рұқсат етілмейді. Өйткені, әрбір адам, оның ішінде өзін журналист немесе саясаткер санайтын әр тұлға біледі – біреуге қатысты айтқан әр сөзіңе дәлелің болуы шарт. Олай болмаған жағдайда сенің айтқаның бос жала және сол үшін сотта жауап бересің.

Егер шетелдік тәжірибемен қарайтын болсақ, Мамай мен Иманбайдың сот процесін саяси келекеге айналдыруы, митингтер арқылы қысым көрсетуі – жауапкершілік деп айтуға болады. Ол үшін ірі көлемде айыппұл төлеуі немесе бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Егер жауап беруші тарап халықаралық стандарттар туралы айтар болса, ол ендеше заңды да құрметтеуі керек және оның талаптарына бағынуы керек, – деді Айжан Тәшенова.

Ол сондай-ақ  сот төрағасына БАҚ өкілдеріне кедергі келтірмей, бәріне қатысуға мүмкіндік бергені үшін алғысын айтты.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар