Ұлт болып ұйыса бастағанда − бізге «таза ислам» қажет пе?

/uploads/thumbnail/20170708194329249_small.jpg

Біздің түсінігіміз бойынша дінсіз ұлт болмайды. Алайда, ұлттық ерекше­ліктерден аулақ, тіптен, оны жоққа шығаратын «дін» − жетім, болашағы жоқ «тұл дін» болып табылады. Осы мағы­нада қарастыратын болсақ – мұндай «ұлтсызданған діннің» мағынасы «әлем­дік дін» дегенмен ұштасады екен. Бі­рақ, шындыққа жүгінсек, «әлемдік дін» дегеніміз де «коммунизм» секілді жалпылама идея. Нақтысында, діннің де тіл сияқты өз қалыбы болуы тиіс. Мысалы, түркі тіліне ондаған тілдер кіреді, олар:   қазақ, өзбек, түрік, қырғыз, хакас, татар, ұйғыр, түркімен және т.б. ұлттардың тілдері. Әр тіл өз ұлтының атымен аталса да, олардың ортақ атауы – түркі тілі. Сол секілді, ислам дінін ұстанып жүздеген ұлттар өмір сүруде. Бірақ, ортақ дін «ислам» деп аталғанымен, ислам әр ұлтқа ғана тән «ұлттық қалып» арқылы көрініс тауып отыр. Мұндай жіктелу тек исламға ғана тиесілі емес. Барлық әлемдік діндер ұлттық формаға барып құйылады да, тек соның – ұлттық форманың әсерінен «әлемдік» деген атқа ие болып шығады. Мысалы, христиан діні «католиктер», «протестанттар», «православие» және басқа тармақтарға бөлінеді. Алайда, бұл олардың христиандық тұтастығын терістемейді. Ендеше, біз де (қазақтар) ислам әлеміне тек қазақы болмысымызбен, ерекшелігімізбен, өз дүниетанымыз және мәдениетімізбен енуге тиістіміз. Олай болмағанда – «әлемдік дін» деген ұғым біз үшін аса қауіпті – космополиттік (ұлттықтан ажырату) бағдарына айналады.  Нәтижесінде біз «таза ислам» деп жүріп соның «көмегімен» «ұлттығымызды сақтау» сияқты жағдайға қайта тап болуымыз мүмкін. Бізге ол қажет пе? Жоқ! Неге десеңіз, Кеңестік кезден жартылай «ұлтсызданып» шыққан қазақ тағы бір сондай соққыға төтеп бере ала ма? Тәуелсіздіктен кейін енді ғана ұлт болып ұйыса бастағанда −  бізге «таза ислам» қажет пе? Қажет болса – неге тек қазаққа ғана қажет болуы тиіс? Қалған ұлттар қайда? Ол жұрттар не дейді? Мүмкін бәрі де мұсылмандарды алып  бір мемлекетке айналдыруды көздейтін, «таза исламды» ұстанатын  Халифат идеясын армандап отыр ма? Бір тәуірі, әзірге қазақтан өзге өз мемлекеті мен тәуелсіздігінен бас тартайын деген ниеттегі бір де бір ұлтты, мемлекетті байқамадық… Тіптен, тілі мен салты ортақ араб мемлекеттерінің өздері де ондай халифатқа құлықты емес. Бірақ, дәстүрін қатаң сақтайды.  

 

Әбдірашит Бәкірұлы

"Дін - қатып қалған қағида емес" мақаласынан үзінді

"Ақиқат" 

Қатысты Мақалалар