Денсаулық сақтау министрлігі коронавирустың "дельта" штаммының таралуына байланысты науқастардан алынған оң зертханалық үлгілерге ПТР-скрининг жасады. Нәтижесінде "үнді" штаммы Қазақстанның барлық облыстары мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында табылған. Бұл туралы коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия хабарлады.
2021 жылдың 1 шілдесіне "үнді" штаммын анықтау үшін 414 сынаманың ПТР скринингі өткізілген. Нәтижелері бойынша 48,3 пайыз "үнді" штаммы барлық облыстар мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында табылған.
Алайда мутацияның бар-жоғын және оның "дельта" штаммына жататынын түпкілікті растау үшін ДНҚ -үлгілерінің нәтижесін күту керек.
"Дельта штамының ерекшеліктері – инкубациялық кезеңнің 5 күнге дейін қысқаруы, ішек белгілері басым, аурудың тез дамуы, жас науқастар санының көбеюі, балалар мен жүкті әйелдерге анағұрлым ауыр соғуы мүмкін" делінген хабарламада.
Мамандар инфекциядан қорғанудың жалғыз жолы вакциналау екенін айтты. Сонымен маска әлеуметтік қашықтық, қол гигиенасы, үй-жайларды желдету және тағы басқа сынды қарапайым сақтық шараларын ұстануды ескертті.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сәйкес, 1 шілдедегі жағдай бойынша "дельта" SARS-CoV-2 штаммы әлемнің 96 елінде анықталған.
Пікір қалдыру