Алматыдағы Наурызбай ауданы "Шұғыла Sity" (340/4) ықшамауданындағы көпқабатты үйлердің бірінде өрт шықты. "Қамшы" редакциясына хабарласып, көмек сұраған тұрғындар жаңа салынған көпқабатты үйдің бірқатар олқылықтарына әкімдік назар аудармай отырғанын жеткізді.
Оқыс оқиға 13 тамыз күні болған. Куәгерлер өрттің шығуының бірнеше себебі бар деп санайды. Айтуларынша, көпқабатты үйлерде газ балонды қолдану, электр тоқтарының ауырлығы, пәтерлердің газбен қамтамасыз етілмеуі оқыс жағдай себебі болуы ықтимал.
Қамшы редакциясына шағымданған тұрғындар көпқабатты үйдің өзге де бірқатар проблемаларын айтты.
– Наурыз айынан бастап көппәтерлі үйді пайдалануға берді. Сол айдан бастап келдік. Бірақ біз үйге кіргенде жөндеу жұмыстары әлі аяқталмаған еді. Тек жарық пен су ғана қосылған. Газ атымен жоқ. Мамыр айының аяғына дейін бітіріп беруге уәде еткен. Алайда арада 6 ай өтті. Ештеңе жасалмады. Бірде жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп 20 күн ыстық суды өшірген. Кейін 25 күн дегенде әрең қосты. Оның өзінде су сап-сары, таза емес, – дейді наразы тұрғындар.
Нысан құрылысын жүргізген "ТИМУС-Construction" компаниясына Тұрғынүй құрылыс жинақ банкі арқылы баспаналы болған 660-қа жуық адамның да айтары бар.
– Бізге конкурстан өткеннен кейін пәтерлерді көрсетуі керек болған. Бірақ компания көрсетпей, маңайына жолатпай қойды. Енді бұл проблемаларды әкімдік мердігер ұйымға, мердігер ұйым әкімдікке сілтейді. Бәрібір әкімдік тарапынан жауап болу керек, – дейді аудан тұрғындары.
Пікір қалдыру