Qamshy.kz сайты 2021 жылғы 19 тамызда жарияланған «Топас» деп балағаттайтын біліксіз басшы керек емес». Меркілік 17 педагогтың жанайқайы» атты мақаладағы Жамбыл облысы Меркі ауданы Аңдас батыр округы Гранитогор кентінде орналасқан "Көп балалы және аз қамтамасыз етілген отбасылардың балаларына арналған мектеп-интернат директоры Данара Елемесоваға оқу ордасы мұғалімдерінің тарапынан тағылған айып дәлелденбегенін хабарлайды.
Мақалада аты-жөндерін атамауды өтінген мұғалімдер басшылары Данара Елемесованы «жемқорлықпен айналысып отыр», «мектеп-интернатты бизнес көзіне, жекеменшік саудамен айналысатын орынға айналдырып жіберді», «мекеменің жөндеу жұмыстарын сапасыз жүргізді», «мұғалімдерді балағаттайды» деп айыптаған.
Ал «Көп балалы және аз қамтамасыз етілген отбасылардың балаларына арналған мектеп-интернат директоры Данара Елемесова қол астындағы педагогтердің айтқандарын толықтай жоққа шығарып, олардың таққан айыбы дәлелсіз екенін жеткізген. Қызметкерлерінің айыптау себебін білмейтінін айтқан.
2021 жылғы 4 қарашада Qamshy.kz порталының редакциясына Данара Елемесованың атынан сұраныс хат (шығыс номері №00-126 ) келіп түсті. Ол жерде жоғарыда сөз болған мақалада өзіне тағылған айыптар бойынша құзырлы органдар тергеу жүргізіп, заң бұзушылықтарға жол берілгені дәлелденбегені, сондықтан мақаладағы айыптауларды теріске шығаруды сұрайтыны жазылған.
Сондай-ақ Данара Елемесованың ресми өкілі, адвокат Аида Касымбекова Qamshy.kz порталының редакциясына мұғалімдердің айыптары негізінде Меркі аудандық прокуратурасы зерделеу жұмыстарын жүргізіп, «парақорлық, зорлық зомбылық» туралы уәж дәлелденбегені жазылған Жамбыл облысы Білім басқармасының хатын жолдады.
Qamshy.kz сайты «Көп балалы және аз қамтамасыз етілген отбасылардың балаларына арналған мектеп-интернат» директоры Данара Елемесовадан аталған мақаланың жариялануына байланысты кешірім сұрай отырып, сөз бостандығы, пікір алуандығы қағидалары және ҚР БАҚ туралы заң нормалары негізінде аталған мақаладағы дәлелденбеген мәліметтерді теріске шығарады. Және де Qamshy.kz сайты ұстанымы сөз бостандығы мен барлық тараптың да позициясын жария ету, бейтарап ақпарат тарату екендігін мәлімдейді.
Пікір қалдыру