"Көшеге шыға алмай отырмыз" Ауғанстандағы қазақтардың жағдайы

/image/2021/08/18/crop-152_11_743x991_snimok-ekrana-1.png

Бейресми ақпаратқа сай Ауғанстанда 45 мың қазақ тұрады. Бүгінде олар көшеге шыға алмай, үреймен отырғанын, елге оралғысы келетінін айтады, деп хабарлады 31 телеарна.  

Түркістандық Мұхамед Құрбан 1968 жылы Ауғанстанда туып, жиырма жылдай сонда тұрған. Ауғанстанда соғыс болған кезде Иранға көшіп, 1993 жылы Қазақстанға оралған. Айтуынша, қазір Ауғанстанның алты қаласында отыздан астам отбасында жүз елудей қазақ өмір сүріп жатыр.

– Герат, Алинеу, Құндыз, Пулухумрида, Мазари Шарифте, Шұбырған қалаларында қазақтар бар. Әрбір қаланың өзінде үш-төрт, бес қазақ отбасы қалған, – дейді Мұхамед Құрбан.

Ауғаннан келген ол сол жақтағы туыстары жағдайлары қиын екенін, көшеге шыға алмай, қамалып отырғанын, тіпті нан алуға бара алмай жатқанын жеткізгенін айтады. 

– Жағдайымыз өте қиын дейді. Талибандар ислам заңын жүргізіп жатыр. Әйелдер, қыздар көшеде жүрмесін, мектепке бармасын деп жатыр, – дейді  Мұхамед Құрбан. 

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Ауғанстан билігі құлап, дүрбелең басталғалы ондағы этникалық қазақтарды елге алдыру қажет, жырақта жүрген қандастардың жағдайына мемлекет бей-жай қарамауы тиіс деп есептейді.

– Шетелдегі әрбір қазақ үшін біз күресуіміз керек. Менің ойымша бұл мемлекеттің, әрбір мемлекеттің өзінің бір моральдық міндеті бар, – дейді Ерлан Саиров. 

Сарапшылар қазақтардың басым бөлігі Өзбекстан, Қытай, Ресейде тұратынын айтады. Сондай-ақ Түркіменстан, Иран және Қырғыз Республикасында да бар.

Ал Ауғанстандағы біраз қазақ Түркияға көшкенімен, онда қалғандары да аз емес. Нақты саны туралы ресми мәлімет жоқ.

Елге келген қандастардың дерекқор базасындағы мәліметке сай, бір жарым миллион қазақ елге оралған. Қазір шетелде 5 миллиондай қазақ тұрады.

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар