Жақында Ө.А.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында «Хұснихат» әдебиетті қолдау қорының ұйымдастыруымен Республикамызда тұңғыш рет «Бір өлең, бір әуен» атты ән-жыр кеші өтті. Бұл туралы «Қамшы» порталы хабарлайды.
Ұлы Абайдың туғанына 170 толуына орай, қазақ поэзиясын насихаттау мақсатында өткізілген рухани кешке Қазақстан Жазушылары одағының төрағасы Нұрлан Оразалин бастаған қазақ поэзиясының бүгінгі өкілдері қатысты. Әдебиет айдынындағы аға буын саналатын Иран-Ғайып, Шөмішбай Сариев, Жүрсін Ерман, Жәркен Бөдеш, Исраил Сапарбай, Ұлықбек Есдәулет, Қасымхан Бегманов, Ғалым Жайлыбай, Баян Бекетова, Әділғазы Қайырбеков, Бауыржан Жақып, Ғалым Қалибекұлы, Маралтай Райымбекұлы, Серік Қалиев, Жанарбек Әшімжан қатарлы танымал ақындар өлең оқып, қазақ эстрадасының өнерпаздары Бағдат Сәмединова, Заттыбек Көпбосынұлы, Гүлнұр Өмірбаева, Роза Әлқожа, «Қарагөз» ансамблі, Жақсыбек Қалелбекұлы т.б өнер жұлдыздары қатысты.
Kaztrans компаниясының демеушлігімен, «Хұснихат» әдебиетті қолдау қоры ұйымдастырған «Бір өлең, бір әуен» кеші барысында арнайы дайындалған «Абай» сыйлығы «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының иегері, ақын Ғалым Жайлыбайға табыс етілді. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, жазушы Уәлихан Қалижанов «Абай» есімі жазылған арнайы төсбелгіні ақынның кеудесіне тақты. Қазақ қаламгерлерінің ішінен топ жарған Ғалым ақын: «Мен үшін өмірімдегі ең үлкен сыйлық – Абай сыйлығы» деп ағынан ақтарылды.
Бұл сыйлық сонымен қатар, Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін, Мұхтар Әуезовтің шығармаларын қытай тіліне аударған, ҚХР танымал қаламгері, абайтанушы, Сібе ұлтының жазушысы Қабайға(Ха Хуанчжан) да табыс етілді.
Бұл концерт аты айтып отырғандай ән мен жырдан шашу шашып, көрермен көңілін тапқан әдемі кеш болды. «Қамшы» порталы қазақ әдебиетіне сүбелі еңбек сіңіріп жүрген қос қаламгерді шын жүректен құттықтайды!





Нұрзат Тоғжан