Құран қиссалары әлемдердің Жаратушысы Алла Тағаланың құлдарына баян еткен оқиғалар болғандықтан, ол қиссалардың әрқайсы адамзатқа үлгі боларлық көптеген өнеге мен ғибраттарға толы. Бұл туралы «Қамшы» порталы «Муфтият» сайтына сілтеме жасай отырып хабарлайды. Құранда Алла елшісіне:«Қиссаларды баянда, мүмкін олар ойланатын шығар»[1]. – делінген. Басқа бір аятта: «Саған елшілердің хабарларын көңіліңді орнықтыру үшін баян етеміз. Осыдан саған ақиқат және мүміндер үшін бір насихат пен ғибрат бар»[2],-деп айтылады.
Осындай ғибрат пен тәрбиелік мағынаға толы ғажап қиссалардың бірі Ибраһим Пайғамбардың басынан өткен құрбандық оқиғасы.
Ибраһим Пайғамбар көп уақыт Аллаға жалбарынып, салихалы ұрпақ тілейді. Алла Тағала тілегін қабыл етіп, оны қартайған шағында Исмайл атты ұлмен қуантады. Бала ержеткен кезде Ибраһим пайғамбар түсінде өз ұлын құрбандыққа шалып жатқандығын көреді. Пайғамбарлардың түсі уахи болып табылғандықтан не де болса бұл бұйрықты орындауға бел байлайды. Баласына түсін хабар берген уақытта ұлыда еш ойланбастан «Әкетайым, өзіңізге бұйырылған істі орындаңыз»,- дейді. Ибраһим ұлын екпетінен жатқызып, қолына өткір пышақты алып, ұлының мойнына қойып, тартып қалып еді, бірақ пышақ өтпейді. Екінші мәрте пышақты қатты басып тұрып тағы қайталап тартып көріп еді, бұл жолы да пышақ өтпейді. Сол уақытта көктен «Ия, Ибраһим! Расында, түсіңді шындыққа шығардың. Шын мәнінде, игілік істеушілерді осылай сынаймыз»,-деген дауыс естіледі. Әрі ұлының орнына құрбандыққа үлкен бір қошқар түсіріледі.
Бұл оқиға Құранның «Саффат» сүресінде былай деп баяндалады:
«(Ибраһим): «Раббым маған салихалы бір ұл бер!»,- деді. Оны өте биязы бір ұлмен қуанттық. (Ұлы) өзімен бірге жүруге жеткен кезде: «Балақайым! Сені түсімде бауыздағнымды көремін, назар аудар, қалай қарайсың?» - деді». (Сонда Исмайл)«Ия, әкетайым! Өзіңе не әмір етілсе, соны орында. Алла қаласа мені сабырлылардан табасың»,-деді. Сөйтіп, ол екеуі де бойұсынған кезде (әкесі) оны маңдайымен жатқызды. Біз оған «Ия, Ибраһим! Расында, түсіңді шындыққа шығардың. Шын мәнінде, игілік істеушілерді осылай сынаймыз», - деп дауыстадық. Расында, бұл бір ашық сынау еді. Оны ірі бір құрбандықпен ауыстырдық»
Бұл таңғажайып оқиғада біздердің өмірімізге қажетті көптеген өмірлік ғибраттар бар. Енді сол ғибраттарға қысқаша тоқтала кетейк:
Бірінші:Алладан бала тілегенде оның салихалы болуын да қоса сұрау:
Ибраһим (а.с.)-ның дұғасына назар аударар болсақ: «Раббым, маған салихалы бір бала бер!»,-деп тілеген. Демек, Алладан бала тілеген кезде оның салихалы болуында қоса тілеген абзал. Өйткені салихалы ұрпақ ата анасына бұл дүниеде пайда келтірумен қатар, дүниеден өткеннен кейін де тигізер пайдазы зор. Ол жайында Әз Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.)-ның хадисінде:«Адам дүниеден өткенде оның үш амалынан басқасының бәрі тоқтап қалады. Олар: үзілмейтін садақа, басқаларға пайдасы тиетін білім және салихалы ұрпақтың оған арнап жасайтын дұғасы» [3],-делінеді.
Құранда Закария (а.с.) Пайғамбардыңда: ««Раббым! Маған қасыңнан игі ұрпақ бер. Шексіз Сен дұғаны естушісің» [4],- деген түрде дұға еткендігі айтылған. Қазақ халқында да осыған ұқсас «Ия Алла бала бер, бала берсең сана бер»,- деп тілек тілеп жатады. Сол үшінде бала тілегенде оның иманды, салихалы, игі ұрпақ болуын да сұраған абзал.
Екінші:Әке мен бала арасындағы жұмсақтық қарым-қатынас:
Бұл оқиға отбасы мүшелерінің өзара қандай жылы қарым-қатынаста болу керектігін үйретеді. Ибраһим (а.с.) көрген түсін бала жеткізген уақытта: «Балақайым! Сені түсімде бауыздағанымды көремін, назар аудар, қалай қарайсың?» - дейді. Баласы да оған жауап берген уақытта: «Ия, әкетайым! Өзіңе не әмір етілсе, соны орында. Алла қаласа мені сабырлылардан табасың»,-деп айтады. Демек, Ибраһим баласын еркелеткен түрде «Ия балақайым» (Ия, бунайя) деп атаған болса, баласы да әкесін «әкетайым» (абати) деген атаумен атайды.
Үшінші:Баламен ақылдасудың артықшылығы;
Ибраһим Пайғамбар көрген түсі жайлы ұлының пікірін сұрап: «Балақайым! Сені түсімде бауыздағанымды көремін, назар аудар, қалай қарайсың?» -дейді. Ендеше отбасында кей мәселелерді баламен де ақылдасып отырған дұрыс. Бәлки істің соңғы шешімін үлкен кісілер қабылдауы мүмкін. Бірақ баламен ақылыдасу арқылы оның ой санасының өрбуіне, өзіндік ойын айта алуға, шешім қабылдау, пікір айту сыңды ізгі қасиеттерге тәрбиелейміз.
Төртінші: Алла әміріне бағыну:
Ибраһим (а.с) түсінде баласын бауыздап жатқандығын көргенін жеткізіп, оның бұл жайлы не ойлайтынын сұрағанда, баласы:«Ия, әкетайым! Өзіңе не әмір етілсе, соны орында», -деп жауап береді. Демек әке де бала да Алла әміріне бағыну керектігін, онда міндетті түрде игілік пен даналық бар екендігін түсінуде. Бұдан түсінетініміздей адам баласы Алла Тағаланың бұйырған кез-келген бұйрығын шамасы келгенше орындауға тырысып, оған бей жай қараудан сақтануы керек.
Бесінші: «Алла қаласа» (Инша Алла) сөзінің артықшылығы:
Исмайл әкесіне «Өзіңе не әмір етілсе, соны орында Алла қаласа мені сабырлылардан табасың»,-деп айтады Дініміздің үйрететін көркем әдептерінің бірі мұсылман адам болашақта істеуге жоспарлаған әлде бір істі айтарда «Алла қаласа» деген сөзді айтуы қажет. Себебі әрбір іс Алланың қалауымен ғана жүзеге асады. Құран аяттарында былай делінген:
«Еш нәрсені: «Осыны ертең істеймін» деп айтпа. Бірақ: «Алла қаласа (жасаймын) де»[5]. Басқа бір аятта болса: «Сендердің қалауларың Әлемдердің Раббысы Алла қаламайынша жүрмейді»[6],-деп айтылады.
Алтыншы: Сынақ келгенде сабыр ету;
Исмайл (а.с.) Алла әміріне бағынған күйде әкесіне «мені сабырлылардан табасың», -дейді. Басына түскен сынақты мұсылман адам сабырлықпен қарсы ала білуі керек.
Жетінші: Пайғамбарлардың көрген түстері ақиқат;
Түс әртүрлі болады. Ол «иләһи» яғни жақсы түс болуы мүмкін. Бұндай түс көрген адам Алла Тағалаға мақтау айтуы тиіс. Екінші «шайтани» жаман түс болады. Жаман түс көрген адам төсегінен тұрғанда сол жағына үш мәрте түкіріп, Алла Тағалаға жалбарынып түстің жаманшылығынан сақтауын сұрайды. Әрі бұндай жаман түс көргендігін ешкімге тіс жармағаны дұрыс. Үшінші адамның күндізгі ой не іс-әрекетінен туындайтын түстер. Бұндай түстер әдетте мағынасы болады. Ал, Алла Тағала тарапынан жіберілген Пайғамбарлар болса тек иләһи, ақиқақат түстерді ғана көреді. Жоғарыдағы оқиғада Әке мен бала Аллаға бой ұсынған күйде бұйырылған істі атқармақ болғандарында, пышақ өтпей: «Ия, Ибраһим! Расында, түсіңді шындыққа шығардың», деп дауысталады. Сол үшінде Ибн Аббас атты сахабаның жеткізген риуаятында «Пайғамбарлардың түстері - уахи»,-деп айтылған.
Сегізінші: Алла сүйген құлдарына сынақ береді;
Аяттың келесің жалғасында: «Шын мәнінде, игілік істеушілерді осылай сынаймыз», - деп дауыстадық. Расында, бұл бір ашық сынау еді»,-делінеді. Демек, Алтында отқа салып тазалайтынындай Алла Тағала да сүйген құлдарын бұл дүниде әртүрлі сынақтармен сынауы мүмкін. Құранда:
«Адамдар: «Сендік» деумен сыналмай тасталып қоямыз деп ойлай ма? Шын мінінде олардан бұрынғыларды да сынаған едік. Сондай-ақ Алла, әлбетте шыншылдарды да біледі, әрі өтірікшілерді де біледі»[7].
Тоғызыншы: Сынаққа сабыр ете білген құлдарына Алла Тағала міндетті түрде артынан жеңілдік береді;
Ибраһимге қартайғанда көрген ұлын құрбандыққа шалу әрине үлкен сынақ еді. Бірақ артынан жеңілдік беріліп, бұның бір ашық сынақ екендігі айтылып: «Оны ірі бір құрбандықпен ауыстырдық», -делінеді. Әрине сынақтың еңі ауырын көретін пайғамбарлар. Одан соң әркімнің иман дәрежесіне қарай әртүрлі себеппен сынақ берілуі мүмкін. Халық даналығында «Сабыр түбі – сары алтын»,- демекші сол сынаққа сабырлық танытқан пендеге соңынан міндетті түрде жеңілдік берілері сөзсіз. Ол турасында Құранда:«Кім Тақуалық қылса, оған шығар жол көрсетіледі»[8], - делінген. Түн бастқанда алдымен қас қарайып, қараңғы батып, ол қараңығылық қоюланған сайын таңның жарығы жақындайтындығы сияқты, басқа түскен сынақта ауырлаған сайын оның жеңілдігі де жақындай түседі. Сол үшінде Алла Тағала Қасиетті Құранда: «Алла, ауыртпашылықтан кейін жеңілдік береді»[9],-деп айтқан.
Думан Нәдірұлы