Жамбыл облысы Байзақ ауданында өрт шыққан әскери қоймада тағы да жарылыс болды. Бұл туралы қорғаныс министрлігі хабарлады.
"26 тамызда өрт шыққан инженерлік оқ-дәрілер қоймасының аумағында бүгін, 29 тамыз күні сағат 12:20 шамасында жарылыс даусы естілді. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ, оқиға орнында адам болмаған" делінген ресми сайт таратқан хабарламада.
Төтенше жағдайдың себептері анықталып жатыр.
26 тамыз сағат кешкі 19:00 шамасында Жамбыл облысы Байзақ ауданында әскери бөлім қоймаларының бірінен өрт шығып, артынша 10-нан астам жарылыс болған.
Соңғы мәлімет бойынша оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстан 13 адам қаза тапқан. Олардың арасында әскери қызметшілер, өрт сөндірушілер, құтқарушылар, әскери прокурор бар. Тағы 3 адам іздестіріліп жатыр.
Бүгін, 29 тамыз Қазақстанда Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әскери және қызметтік борышын атқаруда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін Жамбыл облысында әскери қоймадағы жарылыстан қаза тапқан азаматтарды мемлекеттік наградамен марапаттады.
Пікір қалдыру