ҚР Бас прокуратурасының
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің
Назарына!
Алматы қаласы Әуезов ауданының тұрғыны 3-топтағы мүгедек Талғат Камалиев қала құрылысын бақылау басқармасының басшысы Бахытжан Наурызбеков заңсыздықтарға жол беріп отыр деген пікірде.
Ол Наурызбеков басқарма басшылығына келгелі жекелеген құрылыс компанияларының мүдделерін қолдау жағдайлары жиілеп кеткенін, оның қылмыстық әрекеттерінен қаланың сәулеттік келбетіне нұқсан келіп жатқанын айтады. Сондай-ақ Талғат Кәдесұлы "лиценция алу үшін, заңсыз құрылыстарды тоқтатпау үшін, жер телімдерін мәжбүрлі түрде алып қою белгілі бір баға пайда болды" деп отыр.
– Оның (Бахытжан Наурызбеков - ред) қылмыстық әрекеттерінің кесірінен қаланың сәулеттік келбеті жоғалуда. Қала орталығы тығызданып жатыр. Бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы 29 қазанда жергілікті атқарушы органдарға қаланың орталық бөліктерінде тығыз құрылыс салуға тыйым салуды тапсырған болатын. Алайда Алматыда құрылыс жұмыстары белсенді түрде жалғасып қана қоймай, олардың саны да ұлғаюда. Наурызбеков тарапынан құрылыс нысандарына бақылаудың болмауына байланысты мегаполис тұрғындарына қауіп төніп тұр, – дейді Талғат Камалиев.
Сөзінше, Наурызбеков тарапынан жасалған заңбұзушылықтар мен әрекетсіздіктерге, квалификациясына сай келмейтініне құзырлы органдар тарапынан назар аударылып, ескерту жасалған. Алайда ескерту тек қағаз жүзінде қалып, нақты шара қабылданбаған.
– Мәселен, президент әкімшілігі тексерісі барысында жауапты лауазымды қызметтерге тиісті тәжірибесі жоқ адамдардың тағайындалғаны анықталған. Наурызбеков бұрын-соңды бұл салада жұмыс істемеген. Ол аудан әкімі аппаратының кәсіпкерлікті және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің басшысы, Медеу ауданы әкімінің орынбасары, Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы қызметтерін атқарған. Ал қала құрылысын бақылау басқармасы сәулет-құрылыс саласындағы мемлекеттік бақылау, лицензия, аттестация беру, қала аумағы жерін айдалану мен күзету салаларына жауапты. Сондай-ақ Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті жүргізген тексеріс барысында Наурызбеков біліктілік талаптарына сәйкес келмейтін лицензиялар бергені анықталды, – дейді шағымданушы.
Талғат Камалиевтің сөзінше, қала құрылысын бақылау басқармасы басшысының орынбасары Олжас Төлебаев 2019 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 309-бабынан 323-бабына дейін көзделген әкімшілік құқық бұзушылыққа кінәлі деп тану және айыппұл түрінде әкімшілік жаза қолдану туралы қаулылар шығарған. Шығарылған қаулылар заңсыз және негізсіз. Өйткені әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 2-бөлігі 2 тарауына сай, әкімшілік құқықбұзушылықтарды қарауға және әкімшілік жаза тағайындауға тек қаланың бас мемлекеттік құрылыс инспекторы (қала құрылысын бақылау басқармасының басшысы - ред) ғана құқылы. Оның орынбасарында мұндай құқық жоқ.
Пікір қалдыру