Бокстан Қазақстан құрамасының жаңа бас бапкері тағайындалды. Бұл туралы ҚБФ баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстан бокс федерациясының мәліметіне сүйенсек, ерлер арасындағы ұлттық құраманы енді Қайрат Сәтжанов басқарады.
Сәтжановтың бапкерлік өтілі – 31 жыл. 2011 жылдан 2019 жылға дейін Қазақстан жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы болып жұмыс істеген. Осы уақыт ішінде оның шәкірттері "Азия балалары" халықаралық ойындарының медалін алып, әлем чемпионаттары мен Азия чемпионаттарында жеңіске жеткен.
Бұған дейін аталған қызметті Ғалымбек Кенжебаев атқарған. Ол жастар құрамасын жаттықтырған, сонымен қатар әуесқойлар арасында Геннадий Головкиннің жеке бапкері ретінде танылған. Ол қызметінен өз еркімен кететіні туралы әлеуметтік желіге жазып, кейін бапкер бұл жазбасын парақшасынан өшіріп тастаған.
Ал бокстан әйелдер құрамасын енді Шәміл Сафиуллин басқарады. Шәміл Сафиуллиннің бапкерлік еңбек өтілі –25 жыл. Әлем чемпионаты жүлдегерлерін, Азия чемпиондарын және Қазақстанның бірнеше дүркін жеңімпазын дайындаған.
Бұған дейін аталған қызметті Ерік Алғабек басқарған. Ол өз еркімен лауазымынан кеткен болатын.
Пікір қалдыру