Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты Қазақстанда амнистия жүзеге асырылады. Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті осы жолғы рақымшылыққа кім ілініп бостандыққа шығатынын түсіндірді. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
Мәжілісінің депутаттары "ҚР Тәуелсіздігінің отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы" заң жобасын қарауға кірісті.
Қарастырылып отырған заң жобасы мемлекет қауіпсіздігіне үлкен қатер төндірмейтін қылмыстар бойынша сотталған адамдарды жазадан босатуды мақсат етеді.
Сондай-ақ сотталушылардың жаза мерзімі қысқартылады.
"Рақымшылыққа ілінетін санаттағы адамдар тобын қарау кезінде қалған залалды толық өтеуі, сондай-ақ осы заң қолданысқа енгізілген күні жазасын өтеуге бір жылдан аспайтын уақыт теріс мінез-құлық дәрежесінің болмауы ескеріледі" деп хабарлады ҚАЖ комитеті.
Заң жобасы жергілікті атқарушы органдардың еңбекке қабілетті адамдарды жұмысқа орналастыруын қамтамасыз етуде, сондай-ақ бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққандарға әлеуметтік және өзге де көмек көрсетуде шаралар қабылдауын көздейді.
Рақымшылық кәмелетке толмағандарға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыс жасағандарға, жемқорларға, адам өлтіргендер мен экстремистерге, қылмыстық топтардың бұрынғы қатысушыларына қатысты қолданылмайды.
ҚАЖ комитеті 30 жыл ішінде Қазақстанда 8 рақымшылық жасалғанын, соңғы 4 рақымшылық Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күндеріне орайластырылғанын атап өтті.
Пікір қалдыру