Қытай Қазақстанмен шекарасын жауып, 1 қазанда коммунистік партияның "мемлекет құру күнін" тойлап жатыр. Сонымен қатар қытай қоғамы ондаған жылдар бойы болмаған ауқымда бәрін билік басқаратын жаңа кезеңге қадам қойды.
Қандай жаңа кезең?
Өткен жылдан бастап билік Қытайдың бай және қуатты технологиялық алпауыттарынан бастап білімге, мәдениетке және тіпті азаматтардың жеке өміріне дейін бақылау жасады, репрессия жүргізді. Қытай билігі оны "ортақ даму" деген жаңа терминмен түсіндірді.
Дегенмен, осы реткі Бейжіңнің қоғамдағы барлық секторға жаппай қысым жасауының себебіне мамандар әр түрлі сараптамалар жасауда.
Кейбір сарапшылар үкімет келесі жылғы Қытай коммунистік партиясының Ұлттық құрылтайына дайындалып жатқанын айтады. Олар бес жылда бір рет өткізілетін 2022 жылғы саммит бұрын-соңды болмаған деңгейде өткізілетінін айтады.
Өзгеріс пен репрессия қашан басталды?
2018 жылы конституцияға өзгеріс жасалған соң, Си Цзиньпин Қытайды өмір бойы басқаруы мүмкін. Ол енді үшінші рет Қытайдың ең жоғары басшысы болып сайланатын кезеңін бастайды.
"(Си) Қытайдың кез келген саласында өзінің көшбасшылығын дәлелдегісі келеді, мейлі ол халықаралық қатынастар болсын, ішкі істер, сыбайлас жемқорлық мәселелері, мәдени мәселелер болсын, бұл жаңа саясат, сондықтан сіздер енді барлық қозғалыстардың бір мезгілде болатынын көресіздер. Мүмкін келесі жылы партиялық съезде және 2022 жылғы қысқы Олимпиаданы қамтитын үлкен оқиғаларға дайындық кезінде солай болады" дейді Сингапур Ұлттық университетінің аға ғылыми қызметкері Лим Тай Вэй.
Көптеген сарапшылардың айтуынша, репрессия өткен жылдың 24 қазанынан бастады. Ол кезде "Alibaba"-ның негізін қалаушы және технологиялық магнат Джек Ма Шанхайда сөйлеген сөзінде Қытайдың реттеу жүйесін ашық түрде сынға алған. Іс -шарадан кейін көп ұзамай, реттеушілер Джек Ма иелік еткен "Ant Group" тобының 37 миллиард долларлық IPO-ын тоқтатуға мәжбүр етті, бұл әлемдік бизнес қауымдастығын дүр сілкіндірді.
Содан кейін магнат үш айдай жоғалып кетті, ал қаңтардан бастап Бейжің елдің басқа технологиялық алпауыттарына шүйлікті.
Шілдеде Бейжің реттеушілері қытайлық "Didi" такси қызметі қосымшасына назар аударды."Didi"-дың ақпараттарына АҚШ шенеуніктері жағынан қауіп төнеді деген күдікпен Бейжің оны онлайн қосымшалар дүкендерінен шығарды. Салдарынан Нью-Йорк қор биржасына шыққан оның акциясы құлады. Бұл саланың болашағы туралы қорқыныш туды.
Олигархтар туралы алаң
Өткен жылы Бейжің Қытайдағы ең қуатты технологиялық компаниялар есептелетін "Alibaba" және "Tencent" сияқты компаниялардың монополиясына бағытталған жаңа заң қабылдады. 2012 жылы Си қызметке кіріскеннен кейін басталған сыбайлас жемқорлыққа қарсы науқанды кеңейте отырып, ондаған миллион төленбеген салықтық қарызы бар Қытайдың кейбір әйгілі жұлдыздарын нысанаға алды.
Сидней Лоуи институтының Шығыс Азия бойынша аға ғылыми қызметкері Ричард МакГрегор Бейжіңнің бұл әрекетін посткеңестік елдердің жағдайымен салыстыра түсіндірді.
"Қытай 1990-шы жылдардан кейін Ресейде қалыптасқан саяси белсенді , тіпті саясаи қуатты олигархтар тобының өсуінен сабақ алды" дейді Ричард МакГрегор.
Қазір Қытайдың көптеген байларынан "дамудың ортақ қорына" ақша аудару сұралуда, оны кейбіреулер қара жәшік ретінде сипаттайды. Бейжіңнің бұл әрекеті "теңсіздікті жою" деп те түсіндірілуде.
Жаңа терминдер: "Теңсіздікті жою", "ортақ даму", "Си Цзиньпин идеясы"?
Қытай билігі, сонымен қатар, коммерциялық жеке репетиторлық орталықтарды қудалауының себебі ретінде "әлеуметтік теңсіздіктерді азайту", "ортақ даму" деген уәж айтты.
Коммунистік партия жастарға бағытталған жаңа саясаттарды да бастады. Мысалы, компьютерлік ойындар уақытын шектеді, кейбір телевидениелік шоуларға шектеу қойды, мысалы қытайлар "сисси" деп атайтын K-Pop әншілеріне тыйым салды.
2018 жылы қытай конституциясында бекітілген "Си Цзиньпин идеясы" деп аталатын Сидің саяси идеологиясы да ұлттық оқу бағдарламасына қосылады. Ол мектептерде бастауыштан жоғары деңгейге дейін оқытылады.
Айта кетейік, бұған дейін Қытайдың коммунистік жолға қайта жақындаған саясаттары туралы жызылған BBC-дың сараптамасын аударып ұсынған болатынбыз.
Пікір қалдыру