23 жастағы Дана Маратова 5 жыл бойы шәкіртақысын, қосымша тапқан ақшаларды құрап жақында ғана Алматыдан баспаналы болды. Кейіпкеріміз Қамшы тілшісіне үй алудағы кездескен қиындықтар мен қаржы жинаудағы өзінің лайфкахтары туралы айтып берді.
Дана 2015 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Журналистика факультетіне оқуға түседі. Сол кезден бастап-ақ Алматыдан үй алу арманы, артынша мақсатына айналған.
– Бірінші курс оқып бітірген 2016 жылы депозит аштым. Алғашқыда шәкіртақамның жартысын – 8500 теңгені ай сайын салып жүрдім. Бірақ ол кезде үй алудың талаптары біраз қолжетімді емес еді. Мысалы, 2 жыл Алматы қаласында тіркеуде тұруың керек, тіркеу жоқ болса, үй құнының 50 пайызын жинау қажет деген талаптар болатын. Бірақ соған қарамастан ақша жинауды жалғастыра бердім. Бакалавриатты тәмәмдап, магистратураға түстім, соның арасында тынбай жұмыс істедім, – деген Дана уақыт өте Алматыда баспана алуға қолжетімді бағдарламалар шыға бастағанын, ол тұста депозиттегі қаражат алғашқы жарнаға жарайтындай сомаға жетіп қалғанын айтады.
Дананың таңдауы "Алматы жастары" бағдарламасына түскен. Ол бағдарлама бойынша бастапқы жарна ретінде үй құнының 10 пайызын төлеу жеткілікті. Әкімшілік құжат тапсырғандарды балл бойынша іріктеп, қалған соманы жылына 5 пайызбен 25 жылға дейін ипотека түрінде рәсімдейді.
– Бағдарламаның бірінші легінде соңғы 2 жылда Алматы қаласында тіркеу болуы керек деген талап бар еді. Мен оған сай келмейтіндіктен құжат тапсырмадым. Бағдарламаның екінші легінде бұл талапты алып тастапты. Өйткені, бірінші лектегі талапқа сай келетіндер өте аз болған екен. Бірақ екінші лекке құжат тапсырарда қате жіберіп, бағдарламаға өте алмадым. Үшінші лек басталғанда құжаттарды реттеп, қайтадан тапсырдым. Бұл жолы өтініш бергендер көп болып, баллым жетпей, резервке қойылдым. Сөйтіп жүргенде бағдарлама аясында 1 жылда берілуге тиіс 1000 пәтердің барлығы тапсырылып қойды да мен тағы қалдым, – дейді жас қыз.
Алайда бұл жайттардың барлығы Дананың сағын сындыра алмаған. Ол бағдарламаның кезекті легін тосып, өз сәтін күтумен болды. 2021 жылы бағдарлама аясында кезекті құжат қабылдау басталып, мұны естіген Дана қайтадан құжат жинауға кіріскен.
– Бұл – үшінші мәрте құжат тапсыруым болды. Үміткерлер осы жолы былтырғыдан да көп болып, тағы да балл жетпей, резервке қойылдым. Содан "осы жолы да маған үй бұйырмайтын шығар" деп өзімше Алматыға өкпелем астанаға кетіп қалдым. Ол жақта пәтер іздеп жүргенімде кездейсоқ резервте тұрғандарға мақұлдау келгенін біліп қалдым. Бір досым әлеуметтік желіде резервтегі танысын үй алуымен құттықтап жатыр екен. Мақұлданғандардың ішінде менің де аты-жөнім тұр. Сол кезде қуанып, сенер сенбесімді білмей, досымнан "мынау рас па?" деп сұрай беріппін ғой. Ақпараттың растығына көз жеткізіп, алматыға қарай құстай ұштым. 5 жыл бойы ақша жинап, 5 жыл бойы күткен арманымның қол созым жерде тұрғанына төбем көкке жеткендей болды. Алматыға келіп, маған берілген жолдаманың бітуіне алты-ақ күн қалғанын көріп, дереу үй іздеп, құжаттарды дайындап келісім-шарт жасап, әйтеуір айналдырған екі аптаның ішінде үйлі болып шыға келдім. 1 бөлмелі пәтерім өзіме кең сарайдай көрінеді, – дейді ол.
Дана пәтерге ақша жинай бастағанда туыстары мен таныстары "қыз балаға үйдің керегі не?", "одан да сол ақшаға саяхаттамайсың ба?" деп айтқан.
– Қазір ойлап қарасам, үй деген кез келген уақытта адамға сенімді тірек бола алады екен. Тұрақтайтын жерің бар, қаласаң сата аласың. Сондықтан баспана алу маңызды нәрсе деп ойлаймын. Үй алған соң адам түсінігі бірден өзгеріп кетеді екен. Мысалы, бұрын достарымызбен сыртта кездескенді, қыдырғанды жақсы көретінбіз. Ал қазір достарымның көбі үй алғаннан кейін апта сайын демалыста бір-біріміздің үйімізге жиналып, отырыс жасайтын болдық. Бұрын қаражатымды боянатын заттарға көбірек жарататын болсам, қазір үйге арналған дүкендерді көбірек аралаймын, – дейді Дана.
23 жастағы бойжеткен үйге қаржы жинау жолында өзінің қажетіне жараған кейбір кеңестер туралы да айта кетті.
– Ақшаны 2 курстан бастап жинадым. Бакалавриатта ай сайын 8500 теңгеден жинап отырдым. Оны бітірген соң, жұмысқа тұрып, депозитке манағы соманы еселеп қоя бастадым. Магистратураға түскеннен кейін тіпті үш еселеп құйып жүрдім. Қосымша жұмыстардан ақша түсе қалса, соны да сала қоям. Негізі ақшаны күшті жинай алмаймын. Менің "фишкам" көбірек ақша табуда деп ойлаймын. Ал көп ақша табудың сыры ешкімге "жоқ" деп айта алмауымда. Мысалы, біреу бір жұмысты "істей аласың ба немесе істеп көрші" десе "жарайды" дей берем. Сосын келісіп қойған соң соңына дейін істеп бересің. Студент болғаннан бастап газет-журнал, неше түрлі сайтта да, телеарна, радио, кино түсірілімі мен типографияда да жұмыс істедім. Бірнеше кітапқа редактор болдым. Арасында тапсырыспен мақала жаздым. Мұны "ақша табам" деп емес, жаңа тәжірибе деп қабылдадым. Қазір тегін нәрсе жоқ қой, бірақ аз ақшаға да істей беретінмін. Есесіне сол кездегі дағдылар көп нәрсеге үйретіп, қазір еңбегімнің құнын лайықты сұрай бастадым. Ақшаны әркім әртүрлі жинайды, біреу үнемдейді, біреу инвестиция құйып, ақылды түрде көбейтеді, кейбірі көп ақша табады да, өзіне жаратады. Менікі аз-аздан, бірақ үздіксіз деген процесспен жиналды, – деді ол.
Пікір қалдыру