«АРМЫСЫҢ, АЛТЫН ҰЯ – МЕКТЕБІМ!»

/uploads/thumbnail/20170708195001223_small.jpg

1 қыркүйек күні әдеттегідей Шардара ауданындағы барлық білім ошақтарында алғашқы қоңырау соғылып, оқушылар сүйікті мектептерімен қайта қауышты. Аудан әкімі Қамытбек Айтөреев қаладағы «Шардара» мектеп-лицейіндегі салтанатқа қатысып, оқушылардың қуанышын бөлісті.

 

-Елбасымыз елдігімізді бекемдейтін 5 институционалды реформаны іске асыруға арнаған 100 нақты қадамның 10-ын тікелей білім саласына бағыттап отыр. Мұның маңызы өте зор деп білемін. 2050 жылы алдыңғы қатардағы 30 елдің қатарына кіру үшін біз бүгін білімді ұрпақ тәрбиелеуіміз керек. Балаларымыз алаңсыз оқу үшін мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып отыр. Біздің аудандағы білім сапасы жылдан жылға артып келе жатыр деп айта аламын. Былтырғы оқу жылының қорытындысында шардаралық түлектер ҰБТ сынағын облыс бойынша жақсы деңгейде тапсырғаны соның бір дәлелі. Осынау биіктен биылғы оқу жылында да көрінеді деп сенемін. Жаңа оқу жылы басталуымен сіздерді құттықтаймын, - деді Қамытбек Нұржанұлы.

Мұнан соң аудан басшысымен бірге қалалық қоғамдастықтың төрағасы Қыстау Ілесов «Шардара» мектеп-лицейінің 1 сыныбына қабылданып жатқан алты сыныптың оқушыларына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Менің отаным – Қазақстан» атты кітаптарын сыйға тартты.

Ал, аудандық білім бөлімінің басшысы Ақшагүл Бердалиева «Жаушықұм» мектеп-лицейіндегі мерекелік шараға қатысты. Роза Жүнісқұлова басшылық жасайтын бұл білім ордасында өткен жылы тест сынағын тапсыруға қатысқан 36 түлектің 30-ы грантқа түсіп, аудан бойынша 97,3 балл жиған еді. Аудан мектептерінің арасынан І орынды иеленген бұл білім ошағының табалдырығын 51 бала жаңадан аттап отыр. Аудандық білім бөлімінің басшысы Ақшагүл Бердалиева мен мектеп директоры Роза Жүнісқұлова және ауыл әкімі Серік Махамбет құттықтау сөз сөйлеп, 1 сынып оқушыларына Елбасы кітаптарын тарту жасады. Алғашқы қоңырау үстінде мектеп-лицей жанындағы интернаттың меңгерушісі, ауданның Құрметті азаматы Мұхан Қылышбайға оқалы шапан жабылып, зейнет демалысына шығарып салысты.

Айта кетейік, биылғы жаңа оқу жылында аудан бойынша 1 сыныпқа 2079 оқушы қабылданды.

Шардара ауданы әкімі аппаратының баспасөз қызметі.

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар