Қазақстанда инфляция жылдам өсіп жатыр

/image/2021/10/12/crop-124_4_636x848_tenge-4884405_1280-1140x641.jpg

Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев Қазақстанның 13 облысында жылдық инфляция жылдам өсіп жатқанын айтты.

– Көкөніс бағасының 8,7%-ға және жеміс бағасының 2,4%-ға маусымдық төмендеуіне қарамастан, Қазақстанда инфляция 8,9%-ға жетіп, жылдамдауын жалғастырды, –  деді Досаев үкімет отырысында.

Айтуынша, монетарлық емес факторларды тұрақтандыру үшін биыл қыркүйекте үкімет әкімдермен бірлесіп инфляцияға қарсы ден қою шаралары кешенін іске асыра бастаған. Соның нәтижесінде әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарлары бағасы тамыздағы ең жоғары 10,4%дан қыркүйекте 9,6%-ға дейін төмендеген.

Алайда қазанның бірінші аптасының қорытындысы бойынша баға тағы да өсіп, жыл басынан бері 9,9%-ды құрады. Әлеуметтік маңызды азық-түліктің қымбаттауына жұмыртқа, тауық еті, қырыққабат, қант пен сиыр еті бағасының өсуі әсер еткен.

– Қыркүйекте дизель отынының бағасы 3,8%-ға өсті, ал жекелеген облыстарда 10%-дан асты. Өндірістің ұлғаюы мен экспорттың тоқтауына қарамастан, дизель отынының тапшылығы байқалуда. Бұл инфляциялық қысымды күшейтіп, басқа тауарларға жанама әсер етіп жатыр, – деді Досаев.

Ұлттық банк төрағасы өткен айда 17 өңірдің 13-інде жылдық инфляция жеделдегенін мәлімдеді. Алты облыста инфляция 9%-дан асқан.

Досаев инфляцияны "ұстап тұру" үшін өңірлік нарықтарда бағаны тұрақтандырып, тауарлар тапшылығына жол бермеу керек екенін айтты.

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар