Шымкент қалалық сотында Әкімшілік-рәсімдік процестік Кодексі нормаларын қолдану мәселелері бойынша өткен «дөңгелек үстел» мәжілісіне қалалық сот пен Әкімшілік соттың судьялары, адвокаттар мен мемлекет органдарының басшылары және қызметкерлері қатысты.
Жиын Шымкент қалалық сотының Әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Г.Қыдырбаева ашып, сөз кезегін сот алқасының судьясы Б.Нәсірдіновке берді. Судья Әкімшілік әділеттің алғашқы нәтижелерімен бөлісіп, жаңа кодексте сот талаптары дәлелсіз себептермен орындалмаған жағдайда жауаптылық қарастырылғанын атап көрсетті. Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік соты шілде-тамыз айында төрт лауазымды тұлғаға қатысты ақшалай өндіріп алу қолданғаны туралы мысалдар келтірді.
Әкімшілік соттың судьясы Н.Рахынбаев екі айда түскен істердің статистикасын саралап, Әкімшілік әділет жүйесін, кодекс нормаларын толық түсінбей, сотқа жүгінгендер кездескенін айтты. Көптеген әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпауына байланысты қайтарылған. Дегенмен, көбіне талап қоюшының өзі талап қою арызын кері қайтарып жатты деді судья.
Мәжілісте Әкімшілік-рәсімдік процестік Кодексіндегі татуластыру рәсімдері туралы сөз болды. Спикерлер жиналғандарға дауды сотқа дейін реттеу мүмкіндіктері жайында кеңінен түсіндірді. Кодестегі «әкімшілік қалауды» заң шеңберінде, құзырет шегінен аспай жүргізуді ұсынды.
Спикерлер әкімшілік талаптың заң нормаларына сәйкес рәсімделуі алдымен адвокаттар мен қорғаушыларға байланысты екенін айтып, сауатты жазылған әкімшілік талап өз кезегінде олардың кері қайтарылуын азайтатынын алға тартты.
Сонымен қатар, Әкімшілік сотқа түскен талаптардың ішінде саны жағынан ең көбі сот орындаушыларының әрекеттеріне шағымданумен байланысты 2 айда 81 әкімшілік талап түскен. Осы ретте, қалалық әділет департаменті басшысының орынбасары Айнұр Исабекова мемлекеттік органның талап қою мүмкіндіктері туралы айтып, Әкімшілік әділет жүйесінің іске асуы турасында ойын ортаға салды.
Әкімшілік сотқа түскен жалпы 279 әкімшілік талаптың 42-сі мемлекеттік сатып алу мәселелерін көтерген. Саладағы даулы істердің көптігі ойландырмай қоймайды деді судья Б.Нәсірдінов. Мемлекеттік сатып алу туралы істердің басым бөлігінде конкурстық комиссияның хаттамасы дауланатынын тілге тиек етіп, жауапты орган өкілдеріне хаттамаларды рәсімдегенде қайтару негіздерін толық көрсету керек екенін ескертті.
Мәжіліске қатысқандар пікір алмасуда белсенділік танытты. Жиынды қорытындылаған Шымкент қалалық сотының Әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Г.Қыдырбаева Әкімшілік істерде таразының бір жағында мемлекеттік орган, екіншісінде – жеке және заңды тұлғалар тұрғандықтан бұл саладағы заңнаманы білу әркім үшін өте маңызды екенін айтып, осы тектес жиындар алдағы уақытта да өткізіліп тұратынын айтты.
Пікір қалдыру