2021 жылдың 28-ші қыркүйек күні қазақтың заңғар жазушысы, қоғам қайраткері, ғұлама ғалым, Сталиндік, Лениндік сыйлықтардың лауреаты, Абайды әлемге танытқан, филология ғылымдарының докторы, профессор Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің туғанына 124 жыл толуына орай қарымды қаламгердің есімін иеленген М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде жазушының ескерткішіне гүл шоғы қойылды.
2021 жылдың 28-ші қыркүйек күні Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің туғанына 124 жыл толуына орай Алматы қаласындағы М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының ұйымдастыруымен «Әуезов оқулары» атты жас ғалымдардың ХVІІІ ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Конференцияны мәдениеттанушы, заңғар жазушының ұлы Мұрат Мұхтарұлы Әуезов ашып берді.
Алғашқы құттықтау сөзді Шымкент қаласындағы ұлы жазушының есімін иеленген М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің басқарма төрағасы-ректор Дария Пернешқызы Қожамжарова арнайы сөз алып университетте, абайтану мен мұхтартануға қатысты ашылып жатқан тың ғылыми жаңалықтарымен бөлісті.
Сонымен қатар Дария Пернешқызы Шымкент қаласындағы «Химфарм» АҚ арнайы бөлімінен табылған Абай ұрпақтарына қатысты мемориалды тақтаның мәні мен мазмұнына тоқталды. «Университетіміздегі «Мұхтартану» ғылыми орталығы бүгінде табысты ғылыми ізденістер жасауда. Ал енді Мұхтартану мен Абайтануда ыстығы басылмаған тың жаңалықтардың бірегейіне ойысар болсақ, бұл тікелей хакім ұрпақтарына қатысты.
Сонымен қатар келер жылы Мұхтар Омарханұлының 125 жылдық мерейтойына орай университет ғалымдары ұзақ жылдар бойы айналысып келе жатқан ерекше ғылыми жаңалықпен бөлісетіндігін атап өтті. Аталмыш конференцияны М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Сіләмжанұлы Матыжанов жүргізіп отырды.
Қазақтың заңғар жазушысы, қоғам қайраткері, ғұлама ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің туғанына 124 жыл толуына орай М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде «Мұхтартану» ғылыми-орталығының ұйымдастырумен «М.Әуезов мұрасы және бүгінгі руханият әлемі» атты халықаралық ғылыми конференциямен жалғасын тапты.Конференцияда алғаш болып құттықтау сөз алған М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің басқарма төрағасы-ректор Дария Пернешқызы абайтану мен мұхтартанудың беймәлім беттерін жан-жақты саралай келе «Ұлы Абайдың еңбектерін біздің орталық қызметкерлері қайтадан текстологиялық қарап, оның «Китаб тасдиқ» еңбегін тұңғыш рет шағатай тілінде транскрипциялап шықты.
Пікір қалдыру