АҚШ Қазақстанға COVID-19-бен күреске қосымша 2,4 миллион доллар бөлмек

/image/2021/10/18/crop-13_10_470x836_thumbs_b_c_5188b8cd8a9edaa7d943234b70684bac.jpg
Бүгін АҚШ үкіметі АҚШ халықаралық даму жөніндегі агенттігі (USAID) арқылы Қазақстанға Covid-19 індетіне қарсы күреске көмек көрсету мақсатымен 2,4 миллион АҚШ долларын бөлу туралы жариялады, деп хабарлады Қазақстандағы АҚШ елшілігінің ресми сайты.

Ақпараттық хабарламада аталған көмек нақты деректер негізінде вакциналарды енгізу бойынша шешімдер қабылдауға, вакциналар туралы жалған ақпаратқа ден қою бойынша жергілікті әлеуетті дамытуға, COVID-19 нақтылауды жүзеге асыру үшін зертханалық жүйелерді жетілдіруге, сондай-ақ, Қазақстанның вакциналарды пайдалануға дайындығын арттыруға және оларды жеткізу процедураларын жетілдіруге ықпал ететін болатыны айтылады.

"Бұл көмек пандемия басталғаннан бері Covid-19 індетіне қарсы күрес бағдарламасы шеңберінде Қазақстанға жіберілген 6,8 миллион АҚШ долларынан астам мөлшердегі қаржыландыруды толықтыратын болады. Бүгінгі таңда USAID 5000 астам медицина қызметкеріне COVID-19 індетіне байланысты тақырыптар бойынша, соның ішінде аурудың алдын-алу және бақылау, сонымен қатар биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету принциптері бойынша оқытуды ұйымдастырды. Өз қызметінде USAID халықтың хабардарлығын арттыру және жалған ақпаратпен күресу үшін белсенді топтарды жұмылдыру арқылы 8,2 миллионнан астам адамды қамтыды" делінген ақпараттық хабарламада.

Екі онжылдықтан астам уақыт барысында АҚШ Қазақстанға 2 миллиард доллар, соның ішінде туберкулез бен АИТВ/ЖИТС алдын алу және емдеу сияқты салалардағы денсаулық сақтау бағдарламаларын қолдауға 92,8 миллион доллардан астам қаражат бөлген.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар