Алматыда Рухани келісім күні аясында ғылыми-практикалық форум өтті

/image/2021/10/19/crop-25_53_697x1239_whatsapp-image-2021-10-19-at-16.53.03.jpeg

Бүгін ресми Рухани келісім күніне орай қара шаңырақ ҚазҰУ қабырғасында «Рухани келісім конфессияаралық диалог пен әлем мәдениетінің факторы ретінде» тақырыбында ғылыми-практикалық форум өтті. Рухани келісім күні Қазақстанда 1992 жылдан бастау алып, Алматыда Бірінші дүниежүзілік Рухани келісім конгресі өткен күн - 18 қазанда жыл сайын атап өтіледі.

Аталмыш басқосудың басты міндеті – діндер диалогы мен рухани даму саласындағы өзекті мәселелерді талқылау, діни қауымдастықтар арасындағы өзара құрметті нығайту, сондай-ақ бейбітшілік пен зорлық-зомбылықсыз мәдениетті нығайту бойынша ұсыныстар әзірлеу. Ғалымдар мен теологтармен бірлесе жұмыс істеу ағымдағы қызметті жаңа уақыттың сын-қатерлері мен экстремизмге қарсы іс-қимылға бейімдеуге мүмкіндік береді.

Форум шымылдығын ашқан Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров Қазақстанның бүкіл өркениетті әлем мойындаған диалог пен ынтымақтастықтың бірегей алаңы ретінде қалыптасуына ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қосқан үлесі мен қызметінің маңыздылығын атап өтті. Қазақстан -18 дін мен конфессияны ұстанатын 130-дан астам ұлт пен ұлысты біріктіретін әлемдегі жалғыз мемлекет. Соған қарамастан, Тәуелсіздік жылдарында рухани құндылықтар қоғамдық санаға тамырын жая алды.

"Қазақстан – бірқатар маңызды халықаралық бітімгерлік бастамалардың, әсіресе діндер мен өркениеттер диалогын ұйымдастыру саласындағы ұсыныстардың авторы. Елордамызда әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін өткізу осы саладағы жеткен жетістігіміздің жарқын мысалы болды. Съездердің арқасында бүгінгі таңда әртүрлі діни қауымдастықтар арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа көкжиектерін ашуға объективті алғышарттар жасалды, сондай-ақ біздің ел аумағында конфессияаралық диалог пен келісімнің жаңа моделі қалыптасты. Съезд жұмыс істеген сәттен бастап, тек Алматы қаласында діни бірлестіктердің саны 10 есеге өсіп, діни сенім бостандығына оң серпін берді", - деп атап өтті Ержан Бабақұмаров.

Форумға сарапшылар, теологтар, дінбасылар мен көшбасшылар, қоғам қайраткерлері, сондай-ақ басқа өңірлердің уәкілетті органдарының өкілдері қатысты.

Ресей Федерациясының Алматы қаласындағы Бас консулы Евгений Бобров форум барысында Рухани келісім күнінің берер игілігін тілге тиек етті.

«Бүгінгі мереке – мейірімділік пен халық бірлігін ұлықтайтын күн. Рухани келісім – Қазақстанның игілігі болғандықтан, оны мемлекеттік құрылымдардың, қоғамдық ұйымдардың, оқу орындары мен дін қайраткерлерінің өзара іс-қимылы арқылы қолдап, сақтау қажет», - деді Евгений Бобров.

Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспан да өз пікірімен бөлісіп, қала әкімдігі ұйымдастырған конференцияның маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, дін өкілдерінің басы бір дөңгелек үстелде жиналып, бейбітшілік пен келісім туралы, сондай-ақ толеранттылықты сақтау мен қазақстандықтардың бірлігін нығайту жөніндегі шаралар жайында бар ойларымен бөлісуге керемет мүмкіндік беріліп отыр.

Фото: Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Алматы қаласының Вознесенск кафедралды соборының кілтсөзшісі Александр Суворов тәуелсіздік жылдары Қазақстанда рухани келісімді нығайту мен конфессияаралық қақтығыстарға, оның ішінде заңды және институционалдық сипаттағы жанжалдарға жол бермеу бойынша шараларды жүйелеу жолында үлкен жұмыс атқарылғанын атап өтті.

Алматы қаласы мен Алматы облысындағы Евангелиялық христиан-баптистер шіркеулерінің аға пресвитері Алексей Лубошников та барлығын Рухани келісім күнімен құттықтады: "Міне, 30 жыл бойы бүкіл Қазақстан осы мерекені атап өтуде. Келісім – бейбітшілік пен бақ-берекенің негізі. Біз осындай көпұлтты және көпконфессиялы мемлекетте өмір сүріп жатқанымызға қуанамыз. Өзіңіз ойланыңызшы, тек Алматыда 17 конфессия бар, олардың барлығы өзара келісім мен достықта өмір сүруде".

Сондай-ақ, форумда "Рухани келісім конгресі" халықаралық қорының вице-президенті Әнуар Көкімбаев, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің проректоры Әлия Масалимова және т.б. сөз сөйледі.

Бұған дейін, биылғы 18 қазанда Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров қаланың бас имамы Т.Оспановпен бірге оңтүстік шаһардың орталық мешітінде қаланың діни бірлестіктер жетекшілерімен кездесу өткізген болатын. Кездесу барысында діни бірлестіктердің өкілдері адамзаттың асыл құндылықтары, ұлтаралық бейбітшілік пен бірлік, жаңа заманның сын-тегеуріндеріне қарсы күш-жігерді біріктіру туралы әңгімелесті.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар