2023 жылға қарай мұғалімдердің жалақысы екі есе көбейеді. Мұндай жоспарлар Nur Otan партиясы жанындағы Білім мен ғылымды дамытудың республикалық қоғамдық кеңесінің отырысында айтылды, деп хабарлады Astana TV арнасы.
Телеарнаның хабарлауынша, қазірдің өзінде ұстаздардың жалақысы 30 пайыздан 50 пайызға дейін өскен.
Сондай-ақ сынып жетекшілігіне, тәлімгерлікке, магистратураға, ағылшын тілінде пәндерді оқытуға төленетін қосымша төлемдер ұлғайтылған. Педагогикалық этика мен мұғалімдердің құқықтарын қорғау мәселелері бойынша арнайы кеңестер құрылған.
Сонымен қатар кеңес мүшелері білім саласындағы проблемаларды да атап өтті. Осы жылдың соңына дейін елордада құрылыс жүріп жатқан кейбір мектеп уақытынан кеш тапсырылуы мүмкін. Оған қоса, педагогикалық кадрлардың жетіспеушілігі жалғасуда, салаға 700-ден астам маман қажет.
– Биыл 75 мыңнан аса педагогты қамтитын 1000-ға тарта біліктілікті арттыру курсы жоспарланып, тиісті түрде қаржыландырылды. 2020-2023 жылдары аралығында біліктілікті арттыру курстарының білім беру сараптамасын жүргізу үшін сараптамалық кеңестер құрылды, – деді білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова.
Пікір қалдыру