Шымкент қалалық сотында 2021 жылдың 9 айын қорытындылауға арналған Кеңейтілген кеңеске қалалық соттың төрағасы Ербол Рахымбеков, алқа төрағалары мен судьялары, аудандық және оған теңестірілген соттардың төрағалары мен судьялары, Соттар әкімшісінің басшысы мен бөлім басшылары қатысты.
Кеңестің күн тәртібіне сәйкес, Шымкент қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Ербол Жанғазин мен азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Мұхтар Пәрменов қылмыстық және азаматтық істер бойынша 2021 жылдың 9 айында сот төрелігін жүзеге асыру барысы туралы баяндама жасады. Сонымен қатар, қалалық соттың судьясы Аида Чокморова татуластырушы судьялардың жұмысы туралы айтты.
Алқа төрағасы Е.Жанғазин қылмыстық істердің саны өткен жылдың 9 айымен салыстырғанда 8,5 пайызға өскенімен, істерді қараудағы қисынды мерзімін сақтап, әсіресе, қамауда отырған адамдардың істерін созбалаңға салуға жол беруге болмайтынын ескертті. Одан әрі ол: «Қала соттарына осы мерзімде 1557 қылмыстық іс түсіп, 1429 іс қаралған. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруде кеткен қателіктері үшін 33 іс прокурорға қайтарылып, 93 жекеше қаулы шығарылды. Жазалау тәжірибесі 6,5 пайызға өсіп, жыл басынан 407 адамға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Істе қылмыстық құрамның болмауы себепті 6 адам ақталды. Биыл 9 айда апелляциялық алқада бірінші сатылы соттардың 12 тұлғаға қатысты 10 үкімі бұзылып, 52 тұлғаға қатысты 40 үкімі өзгертілген» деді.
Биылғы жылдың 9 айында қала соттарына түскен азаматтық істердің саны былтырғы жылдың 9 айымен салыстырғанда 14,3 пайызға артқан. Алқа төрағасы М.Парменов соттарда қаралған 13271 істің 35 пайызы банктің немесе қарыз шарттарынан және 23 пайызы отбасылық қатынастардан туындайтын даулар санатына жатады және соттарға түскен істердің басым бөлігін құрайтыны, азаматтық істерді қарауда сапа артып, күші жойылған және өзгертілген шешімдердің саны кемігеніне баса назар аударды.
Қалалық соттың судьясы А.Чокморова қала соттарына есеп беру кезінде 1083 іс немесе медиация рәсімдері қолданылуға жататын істердің 10,7 пайызы татуласумен аяқталған. Оның ішінде 975 іс медиация, 99 іс бітімгершілік келісім, 9 іс партисипативтік келісім жолымен аяқталған. Өткен жылдың осы кезеңіндегі бітіммен аяқталған істер саны 939 істі құраса, биыл бітіммен аяқталған істер саны 144 іске артқанын айтып, бұл бағыттағы жұмыстардың жүйелей түсу керектігін алға тартты.
Кеңесті қорытындылай келе төраға Ербол Мұқажанұлы, судьяларға сот төрелігін жүзеге асырудың сапасын жақсартуды және сот қызметкерлеріне еңбек тәртібін қатаң сақтауды тапсырды. Сот төрелігін жүзеге асыруда сапаны жақсарту мақсатында, 8 судьяның білімін жетілдіру үшін оқыту қажеттігін қадап айтты.
Пікір қалдыру