Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында дауласушылардың едәуір бөлігі келісімге келуде. 1 шілдеден жұмысына кіріскен сотта қаралып аяқталған істердің 18 пайызы татуласып, ортақ мәмілеге келген. Бұл туралы Шымкент қаласының Ақпараттық коммуникациялық орталығында өткен брифингте Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы Бек Әметов мәлім етті.
Әкімшілік сотта мемлекеттік орган мен азаматтың немесе мемлекеттік орган мен заңды тұлғаның арасындағы даулар қаралады. Жаңа Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексте осы тараптардың сот процесінің кез-келген уақытында бітімге келуге мүміндік жасалған. Ал, бұрынғы заңнамаларда мемлекеттік органдармен татуласу қарастырылмаған.
Сот төрағасы бітімге келген істерді мысалға келтіре отырып: «Мәселен, өткен айда, Т. есімді талап қоюшы сот орындаушының әрекетімен келіспей, алимент бойынша қарыз берешекті есептеу туралы қаулының күшін жою жөніндегі талап арызымен сотқа жүгінген. Сот барысында тараптар дауды өзара медиация тәртібімен реттеу туралы келісім жасасқысы келетінін мәлімдеп, оның шарттарына сай жауапкер даулы қаулының күшін жойып, талап қоюшының алимент бойынша берешек қарызын қайта есептеу туралы жаңа қаулы шығаруға келіскен»-деді.
Әкімшілік сотқа ағымдағы жылдың шілде айынан бері 416 әкімшілік талап түскен. Олардың ішінде 114-і сот орындаушыларының әрекеттеріне шағымданумен байланысты, 73-і жер дауы, 64 салық заңнамасынан және 60-ы мемлекеттік сатып алудан туындайтын даулар бойынша, қалған бөлігі т.б. санаттарға кіреді.
Сот жаңа Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексті жұртшылыққа түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізіп жалғастыруда. Осы бағытта сот қызметкерлері 18 мақала жариялап, телеарналарда 4 рет сұқбат беріп, қалалық соттың сайтына, соттың әлеуметтік желілердегі парақшаларына 40-тан астам баспасөз хабарламаларын жариялаған.
Одан бөлек, мемлекеттік органдардың ұжымдарымен кездесулер ұйымдастырылуда. Атап айтқанда, қалалық соттың әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының және Әкімшілік соттың судьялары қалалық сотта және Мемлекеттік кірістер департаментінде, Әділет департаментінде, Жеке сот орындаушылар алқасымен «Nur Otan» партиясы филиалының ғимаратына барып заңнама нормаларын талқылау бойынша «дөңгелек үстел» мәжілістерін өткізді.
Пікір қалдыру