Ресей қарулы күштері Сириядағы «Ислам мемлекеті» содырларына қарсы әуеден алғашқы соққыларын жасай бастаған. Лондондағы «Адам құқықтарын қорғау» ұйымының таратқан ақпараттарына сүйенсек, бомбалау нәтижесінде 27 адам қаза болған. Олардың ішінде 6 бала көз жұмғандығы және 10-ы жарақат алғандығы анықталған. Бұл туралы «Қамшы» порталы nur.kz-ке сілтеме бере отырып хабарлайды.
Айта кетейік, 29-қыркүйек күні РФ парламенті мүшелері президент Владимир Путиннің әскери күш қолдану жөніндегі өтінішін мақұлдаған. Ал Сирия территориясында әуе шабуылы туралы ескертпе шабуылдан бір сағат бұрын берілген. Кейбір деректерге сүйенсек, Ресей қарулы күштері 1991 жылдан бері қарай Сирия аумағында әскери операциялар жасамаған.
АҚШ әскерінің өкілі ресейлік әуе күштері тек Хомстың маңын емес, одан да кеңірек ауқымды нысана етіп алғанын айтты.
Ресейдің Қорғаныс министрлігі әуе шабуылы тек исламшыл содырлардың позициясына жасалғанын мәлімдеді. Хомс – президент Башар Асадтың батыс Сирияны бақылауында ұстауы үшін маңызды аймақ.
Егер содырлар бұл аймақты басып алса, Дамаск пен Ресейдің әскери-теңіз базасы орналасқан Латакия мен Тартус порттарын жалғап тұрған жол қиылмақ.
АҚШ бастаған коалиция бұған дейін де Ирак пен Сириядағы “Ислам мемлекеті” содырлар ұйымының позицияларын бомбалаған.
Вашингтон Сирияда тұрақтылық орнату үшін ең әуелі президент Башар Асад биліктен кетуі тиіс деп санайды. Мәскеу керісінше Асадтың режимін сақтап қалуға бейіл.
Нұрзат Тоғжан
Пікір қалдыру