Ауғанстан билігі Құндыз қаласын Талибан содырларынан азат етті

/uploads/thumbnail/20170708195246040_small.jpg

Ауғандық шенеуніктер Құндыз қаласының талибандықтардан тартып алынғаны туралы мәлімдеді. Бұл туралы «Қамшы» порталы foxnews.com-ға сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Құндыз қаласының әкімі Гамдуллах Даниши қауіпсіздік органдары қала билігін бүгін түнде ауыр күрестің нәтижесінде қайтара алғанын айтты. «Қосымша жәрдем-күшке ие болған мезетте, біз Құндыз ішінде масштабты операциямызды бастап кеттік. Нәтижесінде талибандықтар қашып құтылды», - деді ол, журналистерге берген сұхбатында.

Ауғанстанның ІІМ өкілі Седик Седигги де қаланың бейсенбі күні 3.30-да қайтарып алынғаны жөнінде алғашқылардың бірі болып Твиттерде жазған болатын. Бірақ, қаланы тазарту операциясының әлі бірнеше күнге созылуы мүмкін деді.

Ол «Associated Press-ке» берген сұхбатында Құндыз қаласын қайтарып алу біріккен әскердің, полицияның және талибандықтармен орнатылған блокпостардың көзін қалайда жою деген мақсаттың ғана арқасында іске асқанымен бөлісті. Сонымен қатар, тұрғылықты халыққа арналған негізгі қажеттіліктер мен дәрі-дәрмектер жақын арада жеткізілетінін айтты.

Седигги сәрсенбіден бастау алған күресте 200 талибандық қаза тапқанын айтса, мемлекеттік құрбан болғандар саны қаншаны құрайтынын жария етпеді.

Құндыздың полиция бастығы Сарвар Хусаини қаза тапқан талибандықтардың мүрделерінің көбі қала көшелерінен табылғанын айтты. Оның сөзіне сүйенсек, бүлікшілердің біразы әліге дейін қара халықтың үйінде тығылып отырған көрінеді. Себебі, қаланың түрлі аймақтарында атыстар мен ұрыстардың орын алып жатқаны жөнінде біраз қоңыраулар түсіп жатыр екен.

Құндыз тұрғыны Забиолла қаланың негізгі алаңына жақын тұрады. Оның сөзін арқау етсек, қаладағы бүлікші әрекеттер әлі жалғасуда. Тура үйінен қоңырау соққан ол: «Жағдай мүлде ушығып кетті, мен жаңа ғана үйімнің жанынан бомбаның жарылғанын естідім», - деген болатын.

Бүлікші әрекет басталған мезетте Құндызға қанша әскер керектігін бірден айту мүмкін емес еді. Себебі, талибандықтардың дүйсенбі күні кенет ұйымдастырған шабуылы үкіметті де, әскери қызметті де біраз тығырыққа тіреген екен.

Сәрсенбі күні таңертең ауған әскеріне көмек ретінде АҚШ-тың әуе соққылары басталды. Үш американдық авиасоққы қала маңындағы талибандықтар орныққан аймаққа бағытталды. АҚШ әскерінің баспасөз хатшысы Брайан Трибус АҚШ пен НАТО-ның коалиция кеңесшілері де Құндыз қаласына келіп жеткенін жеткізген болатын.

Назгүл Назар

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар