АҚШ президенті Джо Байден Қытай мен Ресей басшыларын "COP26" климаттық саммитіне келмегені үшін сынға алды. Бұл туралы BBC хабарлады.
Сейсенбі күні кешке сөйлеген сөзінде Байден климат тақырыбы үлкен мәселе екенін айтып, Қытай бұл мәселеде "теріс қарап кетті", "үлкен қателік жасады" деді. Байден Бейжің "Ресей және Путинмен бірдей" жұмыс істегенін айтты.
"Қытай әлемдік көшбасшы ретінде әлемде жаңа рөлін бекітуге тырысып жатқаны түсінікті, бірақ мұнда келмеді" деген Байден Си Цзиньпиннің болмауы "үлкен қателік" деп қосты.
Ресей президенті Владимир Путин де, Қытай басшысы Си Цзиньпин де Ұлыбританияның Глазго қаласында өтіп жатқан саммитке келмеген.
Екі ел де келіссөздерге тек делегацияларын жіберді. Саммит екі аптаға жалғасып, 14 қарашаға дейін жалғасады.
Көмірқышқыл газын ауаға шығаруда дүние жүзі бойынша Қытай бірінші орында, одан кейін АҚШ тұрады. Ресей ЕО мен Үндістаннан кейінгі бесінші орында.
Шотландияның ең үлкен қаласында өткен конференцияға 120-дан астам көшбасшы қатысты.
Елдер 2030 жылға қарай ауадағы көмірқышқыл газы деңгейін төмендетуге, сондай-ақ сол жылға дейін ормандарды отауды тоқтатуға және қайта орман өсіруге уәде беріп, келісіп жатыр. Сонымен қатар өзге де ірі келісімдерді жариялады.
Қытай да, Ресей де ормандарды отауды тоқтату туралы уәдеге қол қойған елдер. Кремль пресс-релизіне сәйкес, Байденнің сөзінен бұрын Путин сейсенбі күні "COP26" саммитінде орманды басқару жөніндегі кеңесте сөз сөйлеп, Ресей орман алқаптарын сақтау үшін "ең күшті және ең нәтижелі шараларды" қолданып жатқанын айтты.
Айта кетейік, бұған дейін Ұлыбританияда ғаламдық климат саммиті өтіп жатқаны және саммитте АҚШ президенті Джо Байденнің әлем елдерінен кешірім сұрағаны хабарланған.
Пікір қалдыру