Ақтөбе облысында сегіз көпбалалы отбасы баспаналы болды

/image/2021/12/01/crop-12_10_689x1054_167b8cf0936f82778d74d06a0ba0103e_1280x720.jpeg

11 қараша күні Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин қызмет бабымен Хромтау және Әйтеке би аудандарында болды. Хромтау ауданында өңір басшысы Тасөткел және Ақбұлақ ауылдарындағы ауылішілік газ құбырларын іске қосу рәсіміне қатысты. Елді мекендерге газ беру өңірлерді 2025 жылға дейін дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында жалпы ұзындығы 78,6 шақырым болатын ауыларалық газ құбырларының құрылысы аяқталған соң мүмкін болды. Құны 750 млн-нан асатын жобаны «Бабек Құрылыс» ЖШС мердігер мекемесі жүзеге асырды. Сол күні Әйтеке би ауданындағы Аралтоғай ауылы да газбен қамтылды. «АСУ-К» ЖШС мердігер мекемесі 23,5 шақырым газ құбырын төседі. Жұмыстың жалпы құны 299 млн теңгені құрады. Ауылдағы 230 үй мен 4 әлеуметтік нысанға көгілдір отын кіреді.

"Газды біз алдымен даму келешегі бар, туу жағынан да, көші-қон жағынан да динамикасы жақсы ірі елді мекендерге жүргізуге тырысамыз. Әдетте бұл - шаруамен айналысу үшін суы бар, жағдайы жасалған, үлкен жолдың бойында орналасқан елді мекендер. Соны ескерсек, бізде перспективті жоспар бар. Газ құбырын жүргізу - бір күндік жұмыс емес екені түсінікті, ол үшін мемлекеттік сараптама жүргізуді есептегенде кемінде бір жыл кететін жобалық-ізденіс жұмыстары, жобалық-сметалық құжаттама дайындау керек. Бақытымызға қарай Үкімет бізді бұл бастамада белсенді қолдайды, және соңғы кезде біз жыл сайын кемінде 15-16 ауылды газбен қамтып отырмыз.

Биыл 14 ауылға газ кіргіземіз деп жоспарлағанбыз, бірақ 16 ауылды қамтыдық. Бұл мердігерлердің адал жұмысы мен инвестициялық жоба есебінен қосымша екі елді мекенді қосқан «Интергаз Центральная Азия» компаниясының қолдауы арқасында. Газбен қамту шағын және орта бизнесті дамытуға ынталандырса, бір жағынан бұл біз халықты қамтуымыз қажет қарапайым тұрмыстық жағдайлар",- деді Оңдасын Оразалин.

Өңір басшысы Қарабұтақ ауылының ішіндегі биыл жөнделген көшелерді қарап болған соң аудан әкімі Дархан Ермағанбетовтің Қарабұтақ ауылдық округін дамыту мүмкіндіктері туралы баяндамасын тыңдады.

"Биыл Қарабұтақта «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы бойынша бес көше жөнделді, жарын жұмыс жалғасатын болады, тиісті жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Сіздің тапсырмаңызға сай көшелерді жарықтандыру жұмысы да күшейтілді. Қарабұтақта 29 көше болса, оның 90%-ында жарық бар. Су құбырын қалпына келтіріп, кеңейтуге жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Спорт мектебі ашылды, спорт кешенін тұрғызатын орын дайын тұр.

 Белқопа ауылында жыл соңына дейін газ құбырының құрылысын аяқтауды жоспарлап отырмыз, су құбырын салуға байқау жарияланды. Жарөткел ауылында ауылға кіретін жолды, мектеп орналасқан көшені күрделі жөндеу жоспарлануда, сонымен қатар, ауылды сумен қамтамсыз ететін жобалық-сметалық құжаттама сараптамадан өтіп жатыр. Еңбекту ауылында ауылішілік жолдарды жөндеу, көшелерді жарықтандыру және мектептерді күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі",- деді Д.Ермағанбетов.

Жұмыс сапары аудан орталығы - Темірбек Жүргенов ауылында жалғасты. Мұнда облыс әкімі ауылға есімі берілген мемлекет және қоғам қайраткерінің мүсінінің алдына гүл шоқтарын қойды. Мүсін биыл қазан айында "Жомарт - Әйтеке би" қоғамдық қорының қаржысына орнатылған. Осы жылы ауылдағы стадион түбегейлі өзгерді. Қалпына келтіру жұмыстары кезінде мұнда жүгіретін жол мен шағын футбол ойнайтын жасанды газоны бар алаң салынды, воркаут алаң мен 608 көрерменге арналған трибуналар орнатылды, әкімшілік ғимарат ретке келтірілді. Айта кетейік, бұл стадионға 33 жыл ішінде жасалып тұрған бірінші жөндеу жұмыстары. Жұмыс сапары халықтың әлжуаз тобына жататын үй кезегінде тұрғандарға жаңа баспаналарының кілтін табыс етумен жалғасты. Сегіз көпбалалы отбасы жаңа қоныс иесі атанды. Олар үшін арнайы екі бөлмелі төрт үй салынған.

"Көп жылдар бойы кезекте тұрдық. Балаларымызға жағдай жасағаны үшін мемлекетке рахмет. Көпбалалы, мұқтаж отбасылар баспаналы болсыншы. Біздің алты баламыз бар. Тұңғышымыз 11 жаста, кенжеміз ертең 2-ге толады. Ұлымыздың туған күніне осындай сыйлық болайын деп тұр",- деді қуанышымен бөліскен көпбалады әке, теміржолшы Талғат Өмірзақов. Өңір басшысы мұқтаж жандарды қолжетімді әрі қолайлы баспанамен қамтуға басымдық берілетінін атап өтті.

"Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкімет бірқатар бағдарламаларды әзірлеген, сол үшін қаражат бөлінуде. Және жұмыс тек облыс орталығында ғана жүріп жатқан жоқ. Кезекте тұрғандарға арналған баспана, соның ішінде көпқабатты тұрғын үй аудан орталығында да беріліп жатыр. Мәселен, Бадамшада жуырда бесқабатты үй тапсырылады. Мұнда ауылдық аймаққа барынша қолайлы болатын, отбасылар шаруаларымен айналысу үшін бірқабатты баспана салынған",- деді Оңдасын Оразалин жаңа қоныс иелеріне. 

Жалпы, аудан орталығы белсенді дамып келеді, абаттандыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Биыл «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы аясында 412  млн теңгеден астам сомаға бірден жеті көше жөнделді, келер жылы алты көше жөнделеді. Сонымен бірге аудан орталығындағы барлық көше 2022 жылға қарай толықтай жарықпен қамтылады. Сондай-ақ, осы жылы 21 бөлімшесі мен 17 мың оқырманы бар орталық кітапхана ғимараты реставрацияланды. Бұдан бөлек, демеушілер қаражаты есебінен жаңа саябақ ашылды.

"Бизнесмендердің өз қаржысына саябақтар, балалар алаңы мен гүл бақтарын салып бергені қуантады. Аудан орталығы тұрғындарының сұранысына сай келетін стадионды жөндей алғанымыз қуантады. Ауыл аймақты дамыту, ауылда тұру үшін қолайлы жағдай жасау жұмыстары жалғасатын болады",- деді өңір басшысы.

Қызметтік сапарының қорытындысында облыс әкімі Әйтеке би ауданын  әлеуметтік-экономикалық жағынан әрі қарай дамыту бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі

 
Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар