ҚР Ұлттық музейінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні және Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Жарқын болашақтың Нұрлы бастауы» атты көрменің ашылуы өтті.
Соның ішінде Ұлт көшбасшысы, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың қызметі және өмір жолымен байланысты шынайы оқиғаларға негізделген көркемдік және деректік мәні бойынша бірегей жәдігер болып табылатын атақты суретші Николай Яковлевич Третьяковтың 1960 жылы салынған «Үлкен жол алдында» картинасы көрермен назарына ұсынылды.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Нұртөре Жүсіп, Динар Нөкетаева, Айгүл Қапбарова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлы, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Майя Бекбаева, белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері қатысты.
Көрменің ашылуы салтанатында Ұлттық музей директоры А. Мұхамедиұлы: «Суреттің композициясы ерекше! Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Алматы облысы Шамалған ауылына демалысқа барады. Сонда отбасы мүшелерімен және жерлестерімен кездеседі. Дарқан далада жиналған қауым арасында әңгіме өрбиді. Еңбекте және қоғамдық істерде жеткен жетістіктер баяндалады. Жерлестері жас белсендінің әңгімесін бар ынтасымен тыңдайды. Бұл сәт әуелі фотообьективке түсіп, кейін осы туындыға арқау болған еді», - деді
Өз кезегінде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп көрменің маңыздылығына тоқталса, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлы көрермен назарына ұсынылған туындының ерекшелігін жеткізді.
Тарихи шығарманың сюжеті №8 Кәсіби-техникалық училищенің түлегі Н. Назарбаевтың 1960 жылы Алматы облысы Шамалған ауылындағы отбасы мүшелерімен және жерлестерімен кездесу сәтіне құрылған. Кездесуге болашақ Президенттің қол жеткізген жетістіктері туралы баяндалған арнайы мақаланың «Дзержинецъ» газетінде жарық көруі себеп болды.
Аталған картинаның ерекшелігі ауылдастардың қуанышқа толы басқосуын бейнелеген суретшінің басты рөлдегі жас жігіттің келбеті мен мінезінен көрнекті қоғам қайраткеріне тән болмысын байқауында. Кейін бұл тарихи тұлғаның мол ерік-жігері мен кемеңгерлік қасиеттерінің арқасында Қазақстан әлемдік қауымдастыққа танылып, әрі оның тең құқылы мүшесі атанып, тәуелсіз демократиялық мемлекетке айналды.
ҚР Ұлттық музейінде өткен бұл көрмеге Ұлт көшбасшысы Н.Ә. Назарбаевтың фотоқұжаттары да қойылды.
Пікір қалдыру