Агенттік мәліметінше, қазіргі уақытта 2007-2008 жылдардағы әлемдік қаржы дағдарысынан, сондай-ақ ұлттық валюта бағамының әлсіреуінен барынша зардап шеккен ипотекалық қарыз алушылардың жеке санатына көмек көрсету үшін 2015 жылдан бері Ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасы жүріп жатыр.
Бағдарлама талаптары бойынша қаржылық қолдау 2004-2009 жылдар аралығындағы кезеңде ипотекалық қарыз алған, сондай-ақ 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін валюталық ипотекалық қарыз алған қарыз алушыларға көрсетіледі.
"Бағдарламада белгіленген қаржылай көмек шаралары жалғыз баспанасы бар қарыз алушылар және халықтың әлеуметтік осал топтары санатындағы борышкерлер үшін пайыздық мөлшерлемені 3%-ға дейін төмендетуді көздейді. Қалған валюталық ипотекалық қарыз алушылар үшін пайыздық мөлшерлеме 12%-дан аспайды. Бұдан басқа, бағдарлама шеңберінде сыйақы, айыпақы (өсімпұл, айыппұлдар) және комиссиялар бойынша мерзімі өткен берешек есептен шығарылды. Валюталық ипотекалық қарыздарға қатысты берешекті Ұлттық Банктің 2015 жылғы 18 тамыздағы бағамы бойынша (1 АҚШ доллары үшін 188,35 теңге) теңгеге конвертациялау жүргізілді делінген агенттік хабарламасында.
Агенттік 2020 жылғы қаңтардан бастап бағдарламаға қатысатын халықтың әлеуметтік осал топтары санатындағы ипотекалық қарыз алушылар үшін қосымша көмек шаралары іске асырылып жатқанын айтады.
"Мұндай қарыз алушыларға қолдауды банктер олардың қаржылық және әлеуметтік жағдайын жан-жақты талдау негізінде жеке тәртіппен көрсетуде, талдау нәтижелерінен кейін банктер қарыз бойынша берешекті төмендету және 20 000 теңге мөлшеріндегі ай сайынғы төлеммен жеңілдік берілген кестелер белгілеу туралы шешім қабылдайды. Қарыз алушылардың бұл санатына қолдау көрсету 2021 жылдың соңына дейін аяқталады" деген мекеме азаматтарды ресми әрі тексерілген дереккөздерден таратылған ақпаратқа сенуге шақырды.
Сондай-ақ ақпараттық хабарламада кредиттік рақымшылықты жүргізу заңнамалық түрде көзделмегені, агенттікте халықтың кредиттер бойынша берешегін есептен шығару бойынша шешім қабылдау өкілеттіктері жоқ екені айтылады.
Бұған дейін несие амнистиясын жариялауды талап етіп жүрген белсенді, Демократиялық партия ынталы тобының жетекшісі Жанболат Мамай Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ғимаратының алдында бір әйелдің "екі кредитім кешірілді" деп айтқанының видеосын жариялаған.
Пікір қалдыру