“Daryn Online” мен JUZ Entertainment пресс-конференция өткізді

/image/2021/12/21/crop-25_124_697x1239_whatsapp-image-2021-12-21-at-13.11.12.jpeg

26 желтоқсан күні өтетін Ninety One, Orda топтарының оффлайн және онлайн форматтағы концерті қарсаңында “Daryn Online” республикалық білім беру платформасының ұйымдастыруымен баспасөзге арналған жиын өтті.

Шараға Ninety One тобының негізін қалаушы, JUZ Entertainment басшысы, продюссер Ерболат Беделхан, Daryn Online білім беру платформасының негізін қалаушы Айбек Қуатбай, тележурналист Асхат Садырбай қатысты.

Алдағы концерттің онлайн көрсетілімін Daryn Online платформасы қамтамасыз ететін болады. Ол үшін арнайы juz.daryn.online ресурсы іске қосылған. Белді продюсер онлайн көрсетілімді ұйымдастырушыларды іздеу барысында таңдау Daryn Online платформасына кездейсоқ түспегенін айтады.

Фото: “Daryn Online” республикалық білім беру платформасының баспасөз қызметі

– Daryn online-мен бірге жұмыс жасамас бұрын бұл платформаны ұзақ зерттедім. Daryn Online үлкен аудиториясы бар, еліміздегі алдыңғы қатарлы IT-компаниялардың бірі. Одан бөлек құндылықтарымыз да ортақ екен. Ол – қазақша контентті экпорттау, әлемдік нарыққа шығу, ұлтқа қызмет ету. Онлайн концерт жасайық деген ұсыныс та біздің тарапымыздан болды, – деді Ninety One тобының продюссері Ерболат Беделхан.

Айбек Қуатбай алдағы іс-шара арқылы онлайн концерт ұйымдастыру мәдениетін қалыптастыруды көздейтінін атап өтті.

Фото: “Daryn Online” республикалық білім беру платформасының баспасөз қызметі

– Шет елде онлайн концерт көру мәдениеті жақсы қалыптасқан. Біздің мақсат – сол мәдениетті Қазақстанда қалыптастырып, IT-техникалық деңгейімізді шет елге көрсету. Қазірдің өзінде онлайн-концертке билет алғандардың 15%-ын Филиппин, Малайзия, Белорусь және Индонезия елдерінің өкілдері құрайды. Бастамамыз ізгі жалғасын табады деген ниеттемін, – деді Daryn online білім беру платформасының негізін қалаушы.

Жиында қазақша контенттің келешегі мен әлемдік өнер нарығына енуі жайлы идеялар мен мәселелер қозғалып, Ninety One тобының АҚШ-қа кетуі жайлы да айтылды.

– Біз мұнда жылы төсегіміз де қала берсек болады. Бірақ біз олай дами алмаймыз, әлемдік нарыққа ене алмаймыз, қазақ өнерін экспорттай алмаймыз. Қазіргі таңда еліңді, ұлтыңды жарнамалап, танытудың басты құралы – музыка. Ендеше сол музыка құдіретімен құндылықтарымызды көтеріп әрі көрсете білуіміз керек, – деді Ерболат Беделхан сөзін қорытындылап.

Фото: “Daryn Online” республикалық білім беру платформасының баспасөз қызметі

Алдағы концерт JUZ Entertainment пен Daryn online серіктестігінің басы емес. Бұған дейін желтоқсан айының басында Ninety One тобының "DARN" атты әні мен сол әнге түсірілген музыкалық видео жарық көрген. Туынды жастарды дамуға, өздеріне сенуге шақырады. Коллаборациясының мақсаты – өскелең ұрпақты жігерлендіру, құндылықтарды ұмытпау. Ендігіде "DARN" әні Daryn online білім беру платформасының гимні саналады.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар