Теңіз кенішінде "Келешек кеңею" жобасының аяқталуына байланысты 2022 жылы 39 мың адам жұмыстан қысқартылады. Олардың 45 пайызы атыраулықтар, деп хабарлады 24.kz арнасы.
Телеарна мәліметінше, келер жылы өңірде жұмыссыздар саны күрт өсуі мүмкін. Жаңа жылдың алғашқы 3 айында 7 мың жұмысшы қысқартылады. Оның 3 мыңға жуығы Атырау облысының тұрғындары.
Ал "Теңізшевройл" компаниясы жұмыссыздар санының күрт өсіп кетпеуі үшін шаралар қолға алып жатқанын айтады. Компания өкілдері "16 мыңнан астам адам компания есебінен оқытылды" деп отыр.
Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Еркебұлан Әбілқасымов мемлекеттік бағдарламалар арқылы он екі мыңға жуық адамды жұмыспен қамту көзделіп отырғанын жеткізді. Сөзінше, мұнай химия кешені саласындағы инвестициялық жобалар, жасалып, енді жасалайын деп жатқан жобалар, солардың құрылысы кезінде жиырма мыңға жуық адам жұмыспен қамтылады.
Пікір қалдыру