Құрамында президент әкімшілігінің қызметкерлері бар үкіметтік комиссия Ақтауда жұмысқа кірісті. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев twitter парақшасында хабарлады.
"Республикалық оперативтік штаб тұрақты негізде жұмыс істеп жатыр. Комиссияға еліміздегі тұрақтылықты сақтай отырып, туындаған мәселе бойынша өзара тиімді шешім шығару жүктелді. Құқық қорғау органдарына қоғамдық тәртіптің бұзылуына жол бермеу жөнінде тапсырма берілді. Демонстранттар жауапкершілік танытып, диалогқа дайын болуға тиіс", деп жазды президент.
Маңғыстау облысы Жаңаөзен, Ақтау қалаларында автомобильге арналған сұйытылған газдың қымбаттауына байланысты тұрғындар 3 күн қатарынан наразылыққа шығып жатыр.
Үкімет газ бағасын кәсіпкерлер есебінен 120 теңгеден 85-90 теңгеге дейін түсіруге әзір екенін мәлім етті. Алайда тұрғындар газ бағасы бұрынғыдай 50 теңге келгенін қалайды.
Митингте "үкімет отставкаға кетсін" деген талаптар да айтылып жатыр.
Пікір қалдыру