Нұр-Сұлтан қаласында төтенше жағдай жарияланды

/image/2022/01/05/crop-75_17_606x808_2021_01_26_lkl2ibjf.jpg

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласында да төтенше жағдай енгізу туралы жарлыққа қол қойды. Бұл туралы  Ақорданың ресми сайты хабарлады.

Жарлық мәтінінің толық нұстақы төмендегідей:

"Нұр-Сұлтан қаласы тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабы 16-тармақшасына, "Төтенше жағдай туралы" Қазақстан Республикасы заңының 4, 5, 6-баптарына сәйкес қаулы етемін:

1. Азаматтардың маңызды және тікелей қауіпсіздігіне байланысты қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қалпына келтіру, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында 2022 жылғы 5 қаңтардағы 16 сағат 00 минут пен 2022 жылғы 19 қаңтардағы 00 сағат 00 минут мерзімі кезеңінде Нұр-Сұлтан қаласының шекараларында төтенше жағдай енгізілсін. 

2. Нұр-Сұлтан қаласында төтенше жағдайдың күшінде болуы кезеңінде 23 сағат 00 минуттан 7 сағат 00 минутқа дейін коменданттық сағат енгізілсін.

3. Төтенше жағдайдың кезеңінде Нұр-Сұлтан қаласының комендатурасы құрылып, оған "Төтенше жағдай туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен көзделген өкілеттіктер берілсін. Нұр-Сұлтан қаласының коменданты болып Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің бастығы Ержан Сапарбекұлы Сәденов тағайындалсын.

4. Төтенше жағдайдың күшінде болуы кезеңінде мынадай шаралар мен уақытша шектеулер белгіленсін: 

1) қоғамдық тәртіптің сақталуы, аса маңызды мемлекеттік және стратегиялық объектілердің, сондай-ақ халықтың тыныс-тіршілігін және көлік қызметінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін объектілердің күзетілуі күшейтілсін;

2) Нұр-Сұлтан қаласында жүріп-тұру, оның ішінде көлік құралдары қозғалысының еркіндігіне шектеулер белгілесін;

3) жеке тұлғалардың жеке басын куәландыратын құжаттарды тексеру, оларды жеке тексеру, олардың заттарын, көлік құралдарын тексеру қамтамасыз етілсін;

4) Нұр-Сұлтан қаласына кіру, сондай-ақ одан шығу шектелсін;

5) бейбіт жиналыстарды, ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге тыйым салынсын; 

6) ереуілдерге және заңды тұлғалардың қызметін тоқтата тұрудың немесе тоқтатудың өзге де әдістеріне тыйым салынсын;

7) қару, оқ-дәрі, жарылғыш заттар, арнаулы құралдар, улы заттар сатуға тыйым салынсын, дәрі-дәрмектің, есірткі заттардың, психотроптық заттардың, прекурсорлардың, сондай-ақ этил спиртінің, алкоголь өнімдерінің айналымына ерекше режим белгіленсін;

8) жеке тұлғалардан қару мен оқ-дәріні, улы заттарды уақытша алып қою, ал заңды тұлғалардан қаруға, оқ-дәріге және улы заттарға қоса әскери және жауынгерлік оқу техникасын, жарылғыш және радиоактивті заттарды уақытша алып қою қамтамасыз етілсін.

5. Төтенше жағдайдың режимі кезінде қолданылатын шаралардың іске асырылуына жауапты болып Нұр-Сұлтан қаласының комендатурасы, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі, Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі белгіленсін.

6. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры осы жарлықта белгіленген шаралар мен уақытша шектеулерді іске асыру кезінде заңдылықтың сақталуын қамтамасыз етсін. 

7. Қазақстан Республикасының үкіметі төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы үкіметінің резервінен қажетті қаражатты бөлсін" делінген құжат мәтінінде. 

Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар