Қазақстан Республикасының экс-пезиденті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына үндеу жолдады.
2022 жыл Қазақстан үшін күрделі де қатерлі сынақтан басталғанына назар аударған ол ұйымдасқан экстремистік топтар елде жаппай тәртіпсіздік орнатып, террористік шабуыл жасағанын, соның салдарынан бейбіт тұрғындар зардап шеккенін атап өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шешімдерінің арқасында ел іргесі сөгілмегенін айтты.
– Мемлекет басшысын қолдау – баршамыздың азаматтық борышымыз. Ендігі кезекте осы оқиғадан сабақ алып, мұндай бассыздыққа жол бермеуге тиіспіз. Бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздіктің отыз жылы ішінде атқарған істеріміз аз емес. Қазақстан әлемге танылған еңселі елге айналды. Ұлан-ғайыр шекарамыз түбегейлі бекітілді. Елімізде іргелі реформалар жүзеге асып, Орталық Азияда көш бастадық. Еуразия жүрегінде, Сарыарқа төсінде жаңа астанамыз бой көтерді. Бірлік барда ешбір жау сағымызды сындыра алмас, – деді экс-преидент.
Сондай-ақ ол 2019 жылы президент ретіндегі өкілеттігін тапсырғанын, содан бері құрметті зейнет демалысында екенін, ешқайда кетпегенін, ел астанасында екенін айтты. Президент Қ.Тоқаевқа билік толығымен тиесілі деген ол қауіпсіздік кеңесі өткенін, жуырда НұрОтан партиясының төрағалығы тапсырылатынын айтты. Сөзінше, араларында түсініспестік, жауласу жоқ.
Қазақстанның бұрынғы президенті соңғы рет ел алдына 2022 жылғы 28 желтоқсанда ТМД-ға мүше мемлекеттер көшбасшыларының бейресми кездесуінде шыққан. Қаңтардың басында Жаңаөзенде сұйытылған газ бағасының қымбаттауына байланысты басталған халық наразылығы елдің өзге өңірлеріне де қолдау тауып, бірнеше қалада халық толқуы жаппай тәртіпсіздікке ұласқанда да Назарбаев ел алдына шықпаған. Оның баспасөз хатшысы "елбасы елорда" деумен шектелген.
Назарбаевтың көрінбеуіне байланысты түрлі ақпарат тараған. Кей деректерде ол Ресейде, енді бір деректе Қытайда делінген. Біріккен Араб Әмірліктеріне ұшып кетіпті деген де ақпарат шыққан. Кеше британиялық The Guardian басылымы өз дереккөздеріне сүйеніп, Назарбаев астанада болуы мүмкін екенін мәлім еткен.
Оқи отырыңыз!
♦ Назарбаев үндеуі қайда түсірілген, ол іс жүзінде не айтқысы келді?
Пікір қалдыру