Атырауда облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрқуат Нудин ұсталды. Бұл туралы АқЖайық басылымы хабарлады.
Денсаулық сақтау басқармасы басқарма басшысының орынбасары 10 ақпанда ұсталғанын растады.
30 жастағы Нұрқуат Нудин денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары болып өткен жылдың сәуір айында тағайындалған болатын. Ол басқарманың қаржы мәселелеріне жетекшілік еткен.
Экономикалық тергеу департаменті әзірге ешқандай мәлімет бере алмайтынын хабарлады.
Алайда оның 2019 жылдың сәуірінен 2021 жылдың наурыз айына дейін облыстық құрылыс басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқарғаны және оған Қылмыстық кодекстің 189-бабы (Сеніп тапсырылған бөгде мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу) бойынша айып тағылғаны белгілі болды.
Басылымның хабарлауынша, ол пайдалануға берілмеген әлеуметтік маңызы бар нысандар бойынша орындалған жұмыстардың актілеріне қол қойған деп айыпталып отыр.
Пікір қалдыру