Ресей-Украина соғысы кезінде Ресейдің Астрахань облысы Володар ауданында тұратын этникалық қазақ қаза тапқан. Бұл туралы Азаттық радиосы Еуропа қызметінің журналисі Толдар Бактемир хабарлады. Журналистің жазбасын Бессимптомно телеграм арнасы жариялады.
"Астрахандағы барлық дерлік қазақ отбасының әскерде адамы бар, өйткені бұл – осындағы көпшілік үшін әлеуметтік қозғалыстың жалғыз қолжетімді түрі. Елестетіңізші, сіз ұлтыңызға бола екінші сортты азамат саналатын мемлекетте тұрасыз. Сосын сізді алады да Украинадағы өздері фашист деп атайтындарға қарсы соғысуға жібереді" дейді Толдар Бактемир twitter-де.
Толдар Бактемир сондай-ақ Астрахань облысына бірнеше этникалық қазақтың мәйіті жеткізілгенін, қаза тапқандардың бірінің анасы баласын Украинадағы "әскери оқу-жаттығуға" деп алып кеткенін туралы айтқанын мәлім етті.
Журналист танысының сөзінше, бұл жақтағы кедейшілік пен расизмнің кесірінен астраханьдық қазақтар жанбағу мен ел көрудің жалғыз амалы ретінде әскери қызметті таңдауға мәжбүр екенін жеткізеді.
Ресей билігі бірнеше күнге жалғасып жатқан Украинадағы әскери қимылдар кезінде адам шығыны болғаны туралы тек кеше ғана хабарлады. Оған дейін өз әскері жағында қаза тапқандар жоқ деп келген. Украина тарапының соңғы ақпараттарында шайқастар кезінде 4 мыңнан астам Ресей әскері мерт болғаны айтылады.
Пікір қалдыру