"AMANAT" партиясының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылдың 26 сәуірінде кезектен тыс XXIII съезді шақыру туралы шешім қабылдады. Бұл туралы партияның атқарушы хатшысы Асхат Оралов Facebook парақшасында мәлімдеді.
"Оған барлық өңірлерден делегаттар қатысады. Съезд онлайн форматта өтеді. Орталық аппарат филиалдармен бірлесіп дайындық іс-шараларын бастады. Съезд барысында "ADAL" саяси партиясының "AMANAT" партиясына қосылуы туралы мәселе қаралады деп жоспарлануда" делінген Асхат Ораловтың жазбасында.
Бұған дейін "Adal" партиясының Саяси кеңесі "Amanat" партиясына қосылу туралы бірауыздан шешім қабылдаған. Партия мәлімдемесінде бүгінгідей аумалы-төкпелі кезең жылдам бейімделуді қажет ететіні айтылып, "сыртқы саясаттағы қауіп-қатердің кезінде, кей мәселелерге қатысты пікір қайшылығын қойып, "бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып", бірге қадам жасайтын кезең туды" делінген.
"Адал" 2020 жылғы қарашада атауы өзгерген бұрынғы "Бірлік" партиясы. 2013 жылы тіркелген. Елдегі ресми тіркелген 6 партияның бірі. Партия мүшелері "Ребрендинг" себебін "әділдікті талап етушілер көбейді" деп түсіндірген. Партия соңғы парламент сайлауында парламентке өтуге мүмкіндік беретін табалдырық – 7 пайыз дауысты жинай алмаған.
Пікір қалдыру