– 27 жыл бұрын өткізілген референдумда қазіргі Ата заң қабылданды. Одан кейінгі барлық конституциялық реформа парламентте мақұлданды. Негізінде, бұл заңды қалыптасқан тәжірибе. Бірақ дамудың жаңа кезеңінде, Жаңа Қазақстанды құру жолында еліміз үшін осындай аса маңызды шешімдерді бүкіл халық болып қабылдауымыз керек. Бұған кәміл сенемін. Сондықтан бүгін мен Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін 5 маусымда республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойдым, –деген ол конституциялық реформа барлық мемлекеттік модельді кешенді түрде өзгертуге бағытталғанын, түзетулер "суперпрезиденттік" басқару үлгісінен ықпалды парламенті және есеп беретін үкіметі бар президенттік республикаға түбегейлі көшуді көздейтінін атап өтті.
Президент Қ.Тоқаев ел конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін 5 маусымда республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойғанын мәлім етті.
– Жолдауда айтылған бастамалардың негізгі мақсаты – саяси жүйемізді түбірімен өзгерту. Бұл халықтың көп жылғы талап-тілегінен туындап отыр. Мұны тиімді жүзеге асыру үшін Ата заңымызға өзгерістер енгізу қажет. Бір сөзбен айтқанда, конституциялық реформа жасау керек. Осыған орай менің тапсырмаммен арнаулы жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобы Негізгі заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобасын әзірледі. Оны мұқият зерделеп, Конституциялық кеңеске жолдадық. Бұл орган өз қорытындысын ұсынды, – деді президент бейнеүндеуінде.
Қ.Тоқаевтың айтуынша, ата заң баптарының үштен бірі өзгереді.
Пікір қалдыру