Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі кредит рақымшылығы мәселелері бойынша тарап жатқан ақпарат жалған екенін хабарлады.
"Әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде "кредит рақымшылығы" жасалды және "халықтың қарыздары есептен шығарылды" деген дәйексіз ақпарат белсенді түрде тарап жатыр.
"Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы" Мемлекет басшысының 2019 жылғы 26 маусымдағы Жарлығын орындау үшін қабылданған "Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайтуға бөлінген қаражатты пайдаланудың кейбір мәселелері туралы" ҚР Үкіметінің 2019 жылғы 15 шілдедегі қаулысына қатысты үш жыл бұрынғы ақпарат бар 2019 жылғы бейнеролик таратылуда" делінген Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің хабарламасында.
Осы Қаулы шеңберінде көмек 2019 жылғы қыркүйектен бастап 2020 жылғы сәуір аралығында көрсетілген. Нәтижесінде 577,7 мың азамат үшін жалпы сомасы 120,5 млрд теңге болатын берешекті есептен шығару рәсімі жүргізілген.
Қаулы 2019 жылғы 13 желтоқсанда қолданысын тоқтатқан және қазіргі уақытта оның заңды күші жоқ. Бұл бастама – бір реттік бастама.
Агенттік азаматтар мен бұқаралық ақпарат құралдарынан жалған мәліметтерге сенбеуді және ақпаратты тек ресми және тексерілген дереккөздерден басшылыққа алуды сұрады.
Пікір қалдыру