Шығыс Қазақстанда халықты вакцинациялау жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгінде қайта вакцинациялауға жататын азаматтардың 83%-ы қайта вакцинациядан өтті. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде ШҚО әкімі Даниал Ахметов айтып берді.
Вируспен күресуден бөлек, өңірдің денсаулық сақтау жүйесінде – ана мен баланы қорғау, онкологиялық аурулармен және қан айналымы жүйесінің ауруларымен күрес сияқты бағыттар бойынша медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға басымдық беріліп отыр.
– Ағымдағы жылы денсаулық сақтау саласына барлығы 32 млрд теңге бюджет қаражаты қарастырылған. Жетекші шетелдік клиникаларда медицина кадрларын оқыту бағдарламасын іске асыру да жалғасын табуда. Бүгінде 6 мың медицина қызметкері оқудан өтті, оның ішінде 341 дәрігер шетелде оқыды, – деді Даниал Ахметов.
Әкімнің сөзінше, облыс бойынша жоғары технологиялық медициналық көмек бес жылда 5,2 есеге артқан.
– Бүгінгі таңда облыста медициналық ұйымдар жоғары технологиялық медициналық көмектің 27 түрін көрсетеді. Айта кетейік, ағымдағы жылы бұл үшін 839 млн теңге қарастырылған, – деді облыс басшысы.
Пікір қалдыру