«Қоқан-лоқы», «жалған дерек», «әкім орынбасары бастығын жасыруы». Талғар мектебіндегі шу

/image/2022/08/26/crop-28_144_1408x2502_talghardaghy-shu.jpg

Алматы облысы Талғар қаласында жаңадан салынған №25 мектепте оқу тіліне байланысты шу әлі жалғасып жатыр. Алғашқы шудан кейін бірнеше мәжіліс депутатының қатысуымен жиын өтіп мәселе шешілгендей болған. Мектеп аралас емес, о баста жоспарланғандай тек қазақ тілінде оқытылады делінген. Тиісті құжаттарда да солай жазылады. Аудандық білім бөлімінің басшысы Қарлыға Сәдуақасова да мектеп қазақ тілінде білім беретін болды деп бейнемәлімдеме жасайды. Алайда екі-үш күннен бері шу қайта шықты. Себебі білім ошағы аралас мектеп болып ашылғалы жатыр. Бұған баласын тек қазақ мектебінде оқытқысы келетін ата-аналар наразы. Даудың екінші жағында мектеп орыс тілінде де оқытатын – аралас болсын деуші ата-аналар тұр. Осының бәрі жаңа оқу жылына санаулы күндер қалғанда ата-аналар мен сағаты бөлінбеген ұстаздарды әбден әуре сарсаңға салып отыр.

Қоқан-лоқы

Алматы облысы әкімдігі мен білім басқармасынан ресми тұлғалар келеді деген соң бүгін мектепке қос тараптың ата-аналары, қоғам белсенділері, журналистер таңғы 10-нан бастап жиналды. Мектеп кіре-берісінде қызметкерлер ата-аналардан қалауына қарай қазақ немесе орыс сыныбына құжат қабылдап отыр. Қамшы тілшісінің мектептің оқу тілі туралы сұрағына «мектеп аралас болады деп шешіліпті, сондықтан қос сыныпқа да құжат қабылдап жатырмыз» деп жауап берді.

Фото: Qamshy.kz

Осы аралықта мектеп ауласында белсенділер мен әр тараптың ата-аналары журналистерге талаптарының орынды екенін айтып, уәжін келтіріп жатты. Мектеп таза қазақша болсын деушілер, жалпы аралас мектепке қарсы еместігін айтады.

Фото: Qamshy.kz

Фото: Qamshy.kz

Тек о баста талқыланып, шешіліп, заң жүзінде бекітіліп қойылған нәрсе ештеңе түсіндірместен, хабарламастан оқу жылы басталарда күрт өзгеріп кеткеніне наразы.

Фото: Qamshy.kz

Ал мектепте орыс сыныптары да болсын деуші ата-аналар ашылғалы тұрған білім ошағы үйіне жақын екенін, балалары жаңа, сәулетті, толық жарақтандырылған мектепте оқығанын қалайтынын жеткізді. Басында осылай екі жақ та көзқарасын айқай-шусыз білдіріп тұрған. Бір мезетте аралас мектепті жақтаушылар арасындағы ата-аналар «біздің конституциялық құқығымыз тапталып жатыр, ұлтараздығын қоздырып жатырсыңдар, бұл – қылмыстық бап екенін естеріңізге саламыз» деп қоқан-лоқы сөздер айта бастады. Бұның арты жанжалға ұласа жаздап, көпшіліктің сабырға шақыруымен ғана басылды.

Осылай дауласумен уақыт өткізіп тұрғанда түскі 12-ге қарай Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел, Алматы облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлсара Исағұлова, Талғар аудандық білім бөлімінің басшысы Қарлыға Сәдуақасова келіп, талқы мектептің акт залында жалғасты.

Бәрін таңғалдырды

Фото: Qamshy.kz

Ресми тұлғалар мектеп аралас болып ашылғалы жатқанына құжат өткізген ата-ана өтініші негіз болып отырғанын мәлім етті. Сөздерінше, о баста қазақша болады делінген білім ошағына орыс сыныптарына да өтініштер көптеп түсіп жатыр, ал ата-ана өтінішін орындамауға құқығы жоқ. Аудандық білім бөлімі басшысының дерегінше, 25 тамыздағы жағдай бойынша 1200 орынға арналған мектепке 1040 оқушы тізімделген. Оның 589-ы қазақ сыныбына, 451-і орыс сыныбына оқуға ниет білдірген. Ал нақты талон алып, құжатын жинауға кіріскен оқушы саны 507. Оның 271-і қазақ сыныбына, 236-сы орыс сыныбына өтініш өткізген. Бұл тек соңғы екі күндегі дерек екені, бүгін тағы 200 оқушы келеді деп күтіліп отырғаны айтылды.

Осы нақты деректер келтірілгеннен бастап жиналғандар көңілге күдік ұялатар, бірі-біріне қабыспайтын жағдайларға куә болды. Алдымен талон неліктен тек соңғы екі күнде ғана беріле бастағаны туралы заңды сұрақ қойылды. Белгілі болғандай, бұл – тікелей аудандық білім бөлімінің басшысы Қарлыға Сәдуақасованың пәрмені екен. Оны жиын барысында бөлім басшысы өзі мойындады. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлсара Исағұлова көпшілік алдында Қарлыға Сәдуақасоваға мұндай құқықты кім бергенін, құжат қабылдауды неге тежегенін сұрағанында қоластындағы қызметкерден жауап болмады. «Жеке сөйлесеміз» деп әңгіме келесі мәселелерге ойысты. Қызығы кейінгі әңгімелердің бірінде Қарлыға Сәдуақасова журналистер мен Гүлсара Исағұлованың алдында тұрып «мен талон беруді тоқтаттым демедім» деп бәрін таңғалдырды. «Сіз жаңа ғана өзіңіз айттыңыз ғой» деген журналистердің бастырмалата кеткенінен кейін ғана аудандық білім бөлімінің басшысы қарымта жауап қатпады. Оның талон бергізбей қойғаны мен кейінгі жалған сөйлегеніне байланысты «жеке әңгіме» болды ма, болса, онда не айтылғаны журналистерге беймәлім.

Келесі кілтипан хақында...

Фото: Qamshy.kz

Жиынға келген бірнеше ата-ана бір-екі апта бұрын қазақ сыныбына құжат өткізуге келгенде мектеп қызметкерлері «мектеп әлі ашылмайды» деп қайтарып, құжаттарын қабылдамай қойғанын айтты. Бұны мектеп ұжымы мен аудандық білім бөлімінің басшысы жоққа шығаруға тырысты. Екі-үш атана бір-бірінің сөзін растап, сондай жағдай шынымен болғанын айтып әлек. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары тағы да түсінбей «енді бұл қалай» деп Қарлыға Сәдуақасоваға қарайды. Қарлыға Сәдуақасова бұл мүмкін емес деп, өздеріне шаң жуытпайды. Бұл мәселе де «жеке» қаралатын болып шешілді.

Келесі кілтипан Қарлыға Сәдуақасова Талғар қаласындағы оқушылар саны туралы айтқан ақпараттан туды. Оның дерегінше, қаладағы 9 мектепте жалпы 10 562 оқушы бар. Оның ішінде 5 754 оқушы қазақша, 4 741 бала орысша оқиды деді. Бірақ қолында ұстап тұрған өзінің атынан жазылған Алматы облысы Білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева арналған ресми хаттағы деректер мүлде басқаша.

Фото: Qamshy.kz

Ол жерде қазақ сыныптарындағы бала саны 8 005, орыс сыныптарындағы бала саны 2 557 деп анық жазылып тұр. Мұны Қамшы тілшісі суретке түсіріп алды. Бұл деректер Талғар ауданы әкімінің орынбасары Оразхан Қаспақбаевтың Алматы облысы Тіл оқу-әдістемелік орталығы Талғар аудандық филиалының хатына берген ресми жауабында да тұр.

Фото: Qamshy.kz

Сонда Қарлыға Сәдуақасова аудан әкімі орынбасарының жауабымен сәйкес келетін қолындағы деректі оқымай, жұртқа жариялаған деректі қайдан алып тұр? Бұл сұрақ өзіне төтесінен қойылғанда айтып тұрған дерегі мен Оразхан Қаспақбаев келтірген дерек бірдей деп жауап берді. Оның бірдей емесі журналистер қолындағы құжаттан көрініп тұр. «Бұл қалай» дегенге аудан әкімінің орынбасары Талғар қаласы аумағында орналасқан, бірақ облысқа қарайтын №8 арнаулы гимназияны қосып айтып тұрғанын, оны қосқанда жоғарыдағы цифрлар сәйкес келетінін айтты. Жиын шулы, айтыс-тартыс жағдайда өткендіктен деректерді қосып, сәйкестендіруге мүмкіндік болмады.

Алайда кейін қолда бар деректерді салыстырып, сәйкестендіргенде Қарлыға Сәдуақасова жалған деректерді айтқаны белгілі болды. Мәселен, Қарлыға Сәдуақасова өзі облыстық Білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаеваға арналған хатта Талғардағы 10 562 оқушы барлық, яғни 10 мектепте оқитын оқушы саны екенін айтады.

Фото: Qamshy.kz

Ал жиында бұл сан 9 мектептің оқушысы деп тұр. Сол хатта аталған арнаулы гимназияда 1369 бала оқитыны, қазақ сыныбында 459, орыс сыныбында 910 бала оқитынын жазылған. Бұл сандарды Қарлыға Сәдуақасова келтірген сандарға қосқанда қала бойынша қазақ тілінде оқитындар 6213, орыс тілінде оқитындар 5651 болып шығады. Бұл аудан әкімі орынбасарының деректері мен өзінің Салтанат Беспаеваға жолдаған деректерімен мүлде сәйкес келмейді. Сонда Қарлыға Сәдуақасова неліктен қазақ мектебіндегі балалар санын кемітіп, орыс сыныптарындағы балаларды көбейтіп көрсетіп отыр? Оған бұл не үшін керек? Бұл сұрақтарға жауапты бәріне куә болған облыстық әкімдіктің өкілдері ала жатар...

1000 оқушыны табуға тиіс

Осындай деректер келтірілгеннен кейін Алматы облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлсара Исағұлова мектептің оқу тілі тек ата-ана өтініші негізінде, үш ауысымды мектептердің жүктемесін төмендету мақсатымен анықталатынын түсіндірді. Ешкім мектепті қасақана аралас еткісі келіп отырған жоқ деді. Жиналған қауымға мектеп тек қазақ тілінде ашылуының заңды жолы 1000 ата-ана «баламды қазақ сыныбына бергім келеді» деген өтінішпен келуі керек екенін айтты. Ата-аналар мен қоғам белсенділері талабы орындалуы үшін енді №25 мектепте қазақ сыныбында оқимын деген 1000 оқушыны табуға тиіс.

«Ол кісі жоқ»

Айтпақшы, ешкім мектепті қасақана аралас еткісі келіп отырған жоқ, ата-ана өтініші мектептің оқу тілін анықтайды деген сөзді Талғар ауданының әкімі Қайдар Әбдіханов та бірнеше рет қайталап айтты.

Фото: Qamshy.kz

Әкім жиынға келмеді. Түсіндіруінше, көпбалалы аналарды қабылдап, өзге де шаруалармен жүріп уақыты болмаған. Әкімді журналистер кездейсоқ түстеніп отырған жерінен кездестіріп қалды. Талғар ауданы әкімінің орынбасары Оразхан Қаспақбаев түстеніп отырған әкімді журналистерге жолықтырғысы келмей «ол кісі жоқ» деп оғаш әрекеттер жасауы, солай деп тұрғанда әкім өзі шыға келгені өз алдына бөлек әңгіме.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар