Әміржан Қосан: Антитоқаевшыл күштер шаңырағымызды төңкеріп тастауы мүмкін

/image/2022/10/11/crop-16_14_349x621_bfd0c39256148936967753a09b328fd2_resize_w_742_h_365.jpg

Мерзімінен бұрын өткелі жатқан президент сайлауына түсуге дайын екенін мәлімдеген экс-үміткер Әміржан Қосан бұл жолғы саяси додадан тыс қалатынын хабарлады. Бұл туралы ол Nege.kz сайтына шыққан "Мен бұл сайлауға қатыспаймын!" деген мақаласында мәлім етті. Осы сайлауға қатыспауының екі себебі туралы айтқан саясаткер оппозицияны "жол беріп ем олар біріге алмады, ортақ кандидат ұсына алмады" деп сынайды. Сөйте тұра қазіргі өкімет билікті оңайлықпен бермейтінін, билікке талас қантөгіске соқтыруы мүмкін екенін жеткізіп, сайлауға түспеуді оң шешім көргенін жеткізген. Арасында демократиялық күштер айтып жүрген мәселелер бүгінде президент аузынан да шығып жүр, президент жақсы бастама көтереді, тек орындалуы нашар деп Тоқаевқа жылы сөздер айтады. Мақаланың толық нұсқасы төменде ұсынылып отыр.

Әміржан Қосан, экс-кандидат: Мен бұл сайлауға қатыспаймын!

Осыдан біраз уақыт бұрын мен 2022 жылғы президенттік сайлауға түсуге дайын екендігімді мәлімдеп едім. 2019 жылы сайлауға қатысқан мен осы жолы да тіркеуден оп-оңай өте алатынымды, демократиялық ұстанымымды паш етіп, кез келген қарсыласпен лайықты бәсекеге түсе алатынымды жазғанмын.

Иә, өткен президенттік сайлаудың қорытындысын мойындап, мен біраз сынға да ұшырағанмын. Бірақ, біреу келісер, біреу келіспес, билік сол жолы өліспей беріспейтін еді, оның арты сұмдық сойқанға ұласып, бас жарылып, қан төгілуі мүмкін еді. Сондықтан өз басым сондай қиын, сол кезде екінің бірі түсінбеген шешім қабылдап, халқымды қанды қырғыннан құтқарып қалдым деп есептеймін.

Ол сөзімнің растығын Қанды қаңтар көрсетті: сол күнге дейін «қазақ қазаққа қарсы оқ атады» деп кім ойлады?! Сол себепті ел алдында арым таза. Ал ол қадамымды түсінбегендер, өз ойында қала берсін, мен оларды өзгерте алмаймын. Мен – жеке бас амбициямды емес, елімнің амандығын ойлайтын азаматпын. Сол принципімде қала беремін!

Осы сайлауға қатысуым не қатыспауыма қатысты бірқатар БАҚ, азаматтардың әлеуметтік желілердегі, мессенджерлердегі сұрақтарына жауап бере отырып, бүгін мен 2022 жылғы президент сайлауына қатыспайтыным туралы мәлімдеймін.

Оның екі себебі бар.

"Біріншіден, 1997 жылы саяси оппозиция қатарына қосылғалы мен: «Елде президент не парламент сайлауы болса, өзін оппозиция деп санайтын барлық күштер мен тұлғалар – өзара келіспеушіліктері мен реніш-өкпелерін ысырып қойып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ортақ кандидат не ортақ ұйым маңайына топтасуы қажет!», – деп келемін. Сол қағидатымнан еш айныған жоқпын.

2005 жылы «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысынан үміткер болған Жармахан Тұяқбайды қолдап, басқа әріптестеріммен бірге бар күшімізді салғанбыз. Мәселен, өткен президенттік сайлауда ЖСДП партиясы Ермұрат Бапиды ұсынғанда, мен өз принциптеріме сай сол шешімді қолдаған болатынмын (бірақ кейін ол өз кандидатурасын ұсынудан бас тартты).Бұл жолы өздерін «Демократиялық коалиция» деп атаған бірқатар ұйым саяси мәлімдеме жасап, өз үміткерін ұсынатынын мәлімдеген еді. Оның қатарындағы кейбір тұлғаларға деген көзқарасым теріс болса да, мен саяси категорияларды басшылыққа алып, ол коалиция ұсынатын кандидатқа бәсеке болғым келмеген. Өкінішке қарай, олар өз арасынан бірегей кандидат ұсына алмауда. Өз басым, ел ішінде президент болуға лайық азаматтар баршылық деп санаймын. Енді олар бойкот деп жатыр.

Бұл шешімін мен дұрыс емес деп санаймын. Өйткені, кез келген саяси ұйым сайлаулар кезінде қалыс қалмай, заңда берілген мүмкіншіліктерді пайдаланып, ауыл-аймақта өзінің үгіт-насихатын жүргізу керек деп есептеймін.

Өйткені саяси күрес – компьютер алдында отырып ап, әлеуметтік желіде пост жазып, лайк жинау емес. Ол дегеніңіз, күнделікті маңдай терін төгуді қажет ететін ауыр еңбек. Сайлау болса, саяси күрестің шарықтау шыңы. Ол мүмкіндікті пайдаланбау – саяси соқырлық деп білемін.

Ал өз арасынан бір кандидат шығара алмауын мен ол коалиция қатарындағылардың жеке бас амбициялары мен бір-біріне деген астыртын бәсекенің нәтижесі деп санаймын.

Енді мен сайлауға түссем, ол коалиция тағы да мені «біздің шешімді мансұқ етіп, биліктің ойын жүзеге асырып жатыр» деп байбалам салып, сынның астында қалуым мүмкін. 2019 жылы да солай болып еді ғой.

Бір нәрсе айқын және оны өзін оппозиция деп санайтын барша күштер мен тұлғалар мойындауы керек: 2019 жылғы сайлауда халықтың Орталық сайлау комиссиясы ресми мойындған 16,2 процент дауысын негізге алып, саяси күресті одан сайын үдете түсуге болатын еді. Ол кезде парламентке өту көрсеткіші 7 процент еді. Күш біріктіргенде, демократиялық күштер бүгінде парламент төрінде отыратын. Және де үш жылдың ішінде оппозиция өз қатарынан президенттік додаға құқықтық, саяси және электораттық тұрғыдан сақадай сай әзір болатын бір емес, бірнеше үміткерді дайындап қояр еді.

Өкінішке қарай, өзара ырду-дырдуға салынып, оппозиция тағы да өзінің тарихи мүмкіндігінен айрылып қалды.

Оппозициялық идеялардың орынды әрі өміршеңдігінің бір дәлелі сол: Тәуелсіздік алғалы демократиялық күштер талап етіп келе жатқан көптеген бастамаларды бүгінде Тоқаевтың өзі айта бастады. Өз басым мұны оң және өз жалғасын табуы керек үрдіс деп бағалаймын.

Екінші себеп жайында мен осыдан 3 жыл бұрын, сайлау қорытындыларын мойындау кезінде айтқанмын. Ол кезде көп адам мен айтқан қауіптерге сене қоймады. Бірақ 2022 жылғы Қанды қаңтар менің алаңдаушылығымды растап шықты. Сол кезде мен елде дүрбелең бола қалса, ішкі және сыртқы қауіптер өршіп, мемлекеттігімізден айрылып қалуымыз мүмкін дегенді айтып едім. Осы жолы да сондай қауіп бар. Халықтың әбден шаршағаны рас. Күн көру қиындап барады. Тоқаев жақсы бастамалар көтергенімен, тапсырмалары орындалып жатқан жоқ. Сайлаудың өзі күлкілі сипат алып бара жатыр. Ел ызалы, әбден ашынған, таусылған. Осының бәрі бір күнде бұрқ ете қалуы мүмкін.

Сайлау нәтижесі жарияланар күні саяси тартыстың апогейіне айналып, ел ішіне іріткі салар әртүрлі ұрандар көтеріліп, толқулар болуы ықтимал. Оның үстіне, антитоқаевшыл күштер ел ішіндегі наразылықты өз мүддесінде пайдаланып, антиқазақтық, антимемлекеттік сипат алып, бір күннің ішінде шаңырағымызды төңкеріп тастауы мүмкін!

Жағдайдың бір ерекшелігі сол: оппозициялық позиция ұстанған кез келген кандидат ел қолдауына ие болары сөзсіз. Ал билік сайлау нәтижесін бұрмаласа, қарсылық одан бетер өршіп кетері анық.

Өкімет болса, билікті өз қолымен бере қоймас.

Сол кезде Қанды қаңтар қайталануы әбден мүмкін! Елімнің, халқымның амандығы – мен үшін басты мұрат! Сондықтан мен сондай қауіпті, елдің іргесін шайқалтар дүмпудің бір себебі болғым келмейді.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар