Мәжілісте цифрлық активтер саласындағы заңнаманы жетілдіру мақсатымен «Қазақстан Республикасындағы цифрлық активтер туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Жобаға Мәжіліс депутаттары бастамашы болды.
Өзгертулер 4 ілеспе заңға тікелей әсер етеді. Олар: «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы, цифрлық активтер туралы заң жобалары, Салық кодексі және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі.
«Аталған заң жобалары цифрлық активтер нарығын мемлекеттік реттеу және дамыту, цифрлық активтерді шығару, орналастыру және айналым процесінде туындайтын қатынастарды реттеуге бағытталған. Сондай-ақ цифрлық майнинг үшін инфрақұрылым ұсыну қызметін лицензиялауды енгізу, цифрлық активтер саласындағы заң бұзушылықтарға әкімшілік жауапкершіліктерді белгілеу, цифрлық майнинг үшін инфрақұрылым ұсыну қызметіне салық салуды енгізуді қарастырады», – деді мәжіліс депутаты Ғазиз Құлахметов.
Заң жобасы қабылданса, майнинг фермаларды қамтамасыз ететін сервистік қызмет түрлері жүргізіліп, қадағаланады. Инфрақұрылым реттеліп, қаржы орталығы қызметі жетілдіріледі. Соның аясында негізгі крипто нарығы қалыптасады. Сонымен қатар реттеуші мемлекеттік органдардың рөлі де осы заң жобасында айқындалады.
Негізгі мәселе – нарықта «сұр майнерлердің» пайда болуы, электр қуатының тапшылығы. Ғ.Құлахметовтің айтуынша, «сұр майнерлер» шетелден әкелетін құрал-жабдықтардың рәсімделмеуінен көп жағдайда елге келіп жатқан техникаларға да салық салынбай отыр.
Жоба аясында бүгінге дейін депутаттардан алпысқа жуық ұсыныс берілген. Олар жұмыс тобының, мүдделі мемлекеттік органдардың, «Астана» Халықаралық қаржы орталығының, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, қоғамдық бірлестіктер мен сараптамалық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен болған комитеттің кеңейтілген отырыстарында талқыланды.
Мәжілістің баспасөз қызметі
Пікір қалдыру