Қазақстанда инфляцияның төмендеуіне әсер етерліктей әзірге ешқандай алғышарттар жоқ. Сондықтан болжам бойынша жыл соңына дейін елде инфляция деңгейі 20-21%-ға жетуі, тіпті одан асуы мүмкін. Бұл туралы Астанада "Экономика туралы сөйлесу: Қазақстан жаңа болмыс аясында" тақырыбында өткен кездесу барысында шара ұйымдастырушы Jusan Analytics зерттеу орталығының басқарушы директоры Әнуар Қуандықов мәлімдеді.
Оның айтуынша, отандық экономикада жақын уақытта анау айтқандай өзгерістер болмайды. Болжам бойынша Қазақстанда экономикалық өсім бәсеңдеуін жалғастырып, жыл соңына қарай 2,5%-ды құрауы мүмкін. Оның үстіне отандық Жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 60%-дан астамын құрайтын ауыл шаруашылығы, байланыс, өнеркәсіп, құрылыс, сауда, көлік және қоймалау секілді 6 ірі саланың төртеуінде өсім төмендеп жатыр.
«Біз 80 елдің экономикасына талдау жүргіздік. Олар әлемдік ЖІӨ-нің 80-90%-ын құрайды. Сол 80 елдің 60-ында инфляция мақсатты межеден 2 есе жоғары болса, 28 елде 4 есе жоғары. Ал біздің елде 3 есеге артық», - деді Ә. Қуандықов.
Әлемдік экономиканың өсімі де бәсеңдеп жатыр. Халықаралық валюта қоры мен басқа да халықаралық сарапшылардың болжамынша, биыл өсім өткен жылғыдан төмен болмақ.
«Қазір әлемдік экономиканың өсімі 3,2%-ды құрайды. Жыл басындағы көрсеткіш – 4,4%. Болжам бойынша алдағы жылы өсім 2,7%-ға дейін төмендейді. Одан да төмен болуы мүмкін. Өйткені қазір қымбатшылыққа, ықтимал дағдарысқа қатысты әлемде ортақ мәміле, ортақ келісім жоқтың қасы» деді Jusan Analytics жетекшісі.
Пікір қалдыру