Грузияда екі күннен бері наразылық шеруі өтуде. «Шетел агенттері» туралы заңның қабылдануына қарсы шыққан халық, Тбилисидегі парламент ғимаратына басып кірген.
Шерушілер арасында қолдарына Украина туын ұстап шыққандар бар. Сондай-ақ, қала орталығында осы елдің Әнұраны шырқалыпты.
Өз кезегінде Украина президенті Владимир Зеленский Telegram – арнасында барлық украиндық Грузияға демократиялық табыс пен еуроинтеграция мәселесінде ілгерілеушілік тілейтінін жазды.
«Тбилисиде шырқалған ұлттық Әнұранымыз үшін алғыс айтамын. Бұл Украинаға деген үлкен құрмет. Грузияның жеңісін тілемейтін украиндық жоқ. Бұл – бүкіл Еуропаның, демократияның жеңісі. Біз Еуропалық одақтың құрамында болғымыз келеді. Грузия мен Молдова да Еуроодаққа қосылатынына сенемін. Еуропаның барлық еркін елдері ЕО-қа мүше болуға лайықты», – деді Зеленский.
Айта кетейік, Грузия Парламенті бірінші оқылымда қабылданған «Шетел агенттері» туралы заңға сәйкес, 20 %-дан астам шетелден қаржыландырылатын барлық БАҚ және коммерциялық емес ұйымдар иноагенттер болып саналады. Сыншылар құжаттың жобасы Ресейдегі қолданыстағы заңнамаға ұқсас және Грузияны батыстан алшақтатады дейді.
Пікір қалдыру