Оңтүстік Кореядағы Инчхон әуежайынан қашып, биіктігі 3,6 метр қоршаудан секіріп кеткен екі қазақстандық сотталғалы жатыр.
"Отандастарымыз өзге елдің заңнамасын бұзғандықтан, оларды Қазақстанға депортациялау туралы сөз қозғау мүмкін емес. Екі қазақстандық қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша сотталады", – деп хабарлады ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров.
Министрліктің мәліметінше, қазақстандықтар Оңтүстік Корея заңнамасының үш бабын бұзды деп айыпталып жатыр. Олар :
♦ иммиграциялық бақылау және елге заңсыз кіру туралы заң;
♦ елде заңсыз болу;
♦ әуежай мен оның объектілері туралы заңнаманы бұзып, материалдық залал келтіру;
"Қазір екі қазақстандық та Инчхонның көші–қон орталығындағы тергеу изоляторында жатыр. Оңтүстік Корея заңнамасына сәйкес тергеу шаралары үш айға созылуы мүмкін, содан кейін іс прокуратураға беріледі. Оңтүстік Кореяның құзырлы органдары тергеу барысында істің егжей–тегжейін жарияламайды", – деді Айбек Смадияров.
Қазақстанның Оңтүстік Кореядағы Елшілігі жергілікті құқық қорғау органдарымен және ұсталған азаматтардың туыстарымен тұрақты байланыс орнатып отыр.
"Білімсіздік жауапкершіліктен босатпайды. Олар Оңтүстік Корея заңын бұзып, өрескел қателік жасағандықтан, елге қайтару мүмкін емес. Бұл жағдайда дауласуымыз орынсыз. Оңтүстік Кореяда жұмыс істеу үшін өзге ел азаматтарына арнайы виза керек. Басқа жолмен жұмыс жасау заңсыз болып табылады" – деп хабарлады ҚР СІМ ресми өкілі.
Еске сала кетейік, наурыздың 24 күні екі қазақстандық Оңтүстік Кореяға заңсыз кіріп, Инчхон әуежайындағы депортация ұшағын күту бөлмесінен қашып кеткен болатын. Олардың бірі жергілікті дүкеннен ұсталса, екіншісі бірнеше күннен кейін өз еркімен полицияға берілген еді.
Пікір қалдыру