Ақтөбе соты Ахмет Сәрсенғалиев, Альмира Куватова, Айнагүл Түбетова және Бауыржан Маратұлын "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деп айыптады.
Айнагүл Түбетова 241 500 теңге, Альмира Куватова мен Бауыржан Маратұлы 172 500 теңге көлемінде айыппұл төлеуі тиіс. Ал Ахмет Сәрсенғалиев төрт тәулікке қамауға алынды.
Сот материалына сәйкес, айыпталушылар WhatsApp мэссенджері арқылы халықты визасыз режимге қарсы митингке шақырған. Алайда белсенділер өздеріне тағылған айыптарды мойындамады.
Еске сала кетейік, Қытайда Астана мен Пекин арасында 30 күндік визасыз режим енгізу туралы келісімге қол қойылған. Дәл осы күні түрлі аймақта белсенділер қысым мен қудалауға ұшырағандарын айтқан. Алматыда тіркелмеген "Нағыз Атажұрт" басшысы Бекзат Мақсұтханұлы 15 күнге қамалды. Facebook-тегі Human Rights Atajurt ұйымының парақшасында 10 нан астам белсенді полиция қысымына ұшырағанын хабарлаған.
Ал ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі "Қытаймен визасыз режим бойынша нақты қанша адам ұсталғаны жөнінде ақпарат білмейтінін, оны соттан сұрау қажет екенін" айтты.
Дереккөз: Азаттық радиосы
Пікір қалдыру