Ресей тергеу комитеті "Вагнер" жетекшісі Евгений Пригожиннің қазасын растады. Тверь облысында ұшақ апатынан қаза болған 10 адамның бәрінің аты-жөні анықталған.
Бұған дейін "Вагнер" әскери жасағының негізін қалаушы Пригожиннің қаза тапқаны туралы ақпарат жарияланған болатын. Ұшақта "Вагнер" командирлерінің бірі Дмитрий Уткин де болған.
Тергеу органдары әзірге ұшақ апатының себебін айтпады. Телеграм арналар мен ақпарат құралдарында апат себебі төңірегінде түрлі болжам айтылып жатыр. Кейбірі бортта жарылыс болғанын немесе ұшақты әуе қорғанысы атып түсіруі мүмкін екенін айтты.
Пригожин пайдаланып жүрген Embraer жеке ұшағы Мәскеуден Санкт-Петербургке ұшып, 23 тамызда апатқа ұшыраған. Құтқарушылар апат орнынан 10 мәйіт тапқан.
Пікір қалдыру